Берік Уәли Семейдегі әлеуметтік нысандардың құрылысын тексерді

Берік Уәли Семейдегі әлеуметтік нысандардың құрылысын тексерді
Gov.kz

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласында салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Өңір басшысы мердігерлерге жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Мемлекет басшысының қолдауымен қолға алынған "Абайға құрмет" акциясы аясында Семейде бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр. Облыс әкімі Мирный кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Қарағайлы ықшам ауданындағы инклюзивті спорт орталығы мен 1400 орындық BINOM мектебінің құрылысын тексерді.

Мирный кентінде жаңа спорт кешені салынып жатыр

"Самұрық-Қазына" АҚ-ның бірыңғай операторы Samruk-Kazyna Trust арқылы қаржыландырылатын спорт кешенінің жалпы ауданы 2000 шаршы метрді құрайды. Екі қабатты ғимаратта түрлі спорттық жаттығуларға арналған залдар, 100 орындық көрермендер трибунасы, бокс және күрес залдары, сондай-ақ жаттығу құрылғылары мен қосалқы бөлмелер қарастырылған.

Қазір құрылысшылар ғимараттың шатырын жабу, сэндвич-панельдерді орнату және ішкі инженерлік жүйелерді жүргізу жұмыстарымен айналысып жатыр. Құрылыс алаңында 35 маман еңбек етуде. Мердігер ұйым өкілдері нысанды жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Қарағайлыда ерекше қажеттілігі бар тұрғындарға арналған спорт орталығы ашылады

Қарағайлы ықшам ауданында "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының қолдауымен инклюзивті спорт кешені бой көтеруде. Аумағы 2057 шаршы метр болатын екі қабатты орталық бір уақытта 130 адамның спортпен айналысуына мүмкіндік береді.

Мұнда әмбебап спорт залы, бейімделген дене шынықтыруға арналған орындар, күрес және жаттығу залдары, бочча, үстел теннисі мен басқа да спорттық ойындарға арналған бөлмелер болады. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жерді тегістеу, топырақты тығыздау және металл құрылымдарын дайындау жұмыстары жүргізілуде.

1400 оқушыға арналған жаңа мектеп салынып жатыр

Өңір басшысы Қарағайлы ықшам ауданындағы BINOM мектебінің құрылысымен де танысты.

Төрт қабатты білім ордасының жалпы ауданы 12 мың шаршы метрден асады. Жаңа мектеп 1400 оқушыны қабылдауға есептелген. Білім беру мекемесінде заманауи кабинеттер, зертханалар, спорттық және мәдени іс-шараларға арналған кеңістіктер жабдықталады. Қазір құрылысшылар темірбетон бағаналар мен жабын плиталарын арматуралау және бетондау жұмыстарын атқарып жатыр. Нысанда 70 адам жұмыс істейді, олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар.

Берік Уәли құрылыс сапасын бақылауды тапсырды

Облыс әкімі аталған жобалардың Семей тұрғындары үшін маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, әсіресе халық саны өсіп келе жатқан Қарағайлы ықшам ауданында жаңа білім беру және спорт нысандарына сұраныс жоғары.

"Мирный кентінде мұндай дене шынықтыру-сауықтыру кешені бұрын болмаған. Тұрғындарға өте қажетті нысан. Осы аумақта 3 мектеп орналасқан. Балалар келіп, спортпен шұғылдана алады. Қарағайлы ықшам ауданындағы инклюзивті спорт кешені де өңірімізде алғаш рет бой көтеруде", – деді әкім.

Берік Уәли Қарағайлыдағы мектептердің жүктемесіне де тоқталды. Қазір аудандағы білім беру ұйымдарында 3 мыңға жуық оқушы екі ауысымда білім алып жатыр. Сондықтан жаңа мектептің ашылуы оқушы орындарына деген сұранысты азайтуға ықпал етпек.

"Ең бастысы, басталған құрылыстарды сапалы әрі уақтылы аяқтауымыз керек. Құрылыс жұмыстарын бақылап, тұрақты қадағалауда ұстап отырамыз", – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы жауапты мекемелер мен мердігерлерге барлық жұмысты бекітілген кестеге сай жүргізуді және құрылыс сапасына ерекше назар аударуды міндеттеді.