Бір адамға 113 млн теңгеге дейін: Қазақстанның ұлттық компанияларындағы топ-менеджерлер қанша алады?
2025 жылғы ұлттық компаниялардың топ-менеджерлеріне төленген сыйақы рейтингі шықты, деп хабарлайды Baspasoz.kz. Бұл туралы finprom.kz сараптамасында айтылған.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық холдингтерді қоса алғанда, 22 ұлттық компания жұмыс істейді. Ұлттық компаниялар ел экономикасының негізгі салаларында қызмет атқарып, әлі де Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің елеулі бөлігін қалыптастырып отыр.
Олардың атқарушы органдары (АО) мүшелеріне төленген сыйақының жалпы көлемін, яғни топ-менеджерлердің қанша табыс алғанын қарастырайық.
2025 жылы атқарушы орган мүшелеріне ең жоғары жиынтық сыйақыны елдегі ұлттық компаниялардың ішінде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы төледі — 903,3 млн теңге.
Екінші орында «Қазақстан темір жолы» («ҚТЖ») тұр — 721,3 млн теңге.
Үздік үштікті «ҚазМұнайГаз» компаниясы түйіндеді — 519,1 млн теңге.
Атқарушы орган мүшелеріне төленген сыйақы көлемі бойынша алғашқы ондыққа сондай-ақ:
QazaqGaz — 515,2 млн теңге;
«Қазақтелеком» — 504,1 млн теңге;
KEGOC — 496,3 млн теңге;
«Бәйтерек» ҰБХ — 440,4 млн теңге;
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» — 283,3 млн теңге;
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» («ҰАТ») — 188,4 млн теңге;
«Тау-Кен Самұрық» — 170,9 млн теңге кірді.
Бұл жерде бір жайтты нақтылай кеткен жөн: әр ұлттық компаниядағы атқарушы орган мүшелерінің саны әртүрлі. Бір компанияда атқарушы органның бір ғана мүшесі болса, енді бірінде олардың саны 10-нан асады. Сондықтан көрсетілген сомалар барлық атқарушы орган мүшелеріне төленген жалпы сыйақы көлемі**.
Ақпарат бар ұлттық компаниялардың басым бөлігінде атқарушы орган мүшелеріне төленген сыйақының жиынтық көлемі артқан.
Жалпы төлем көлемінің төмендеуі тек төрт компанияда байқалды. Олардың қатарында:
«Қазақтелеком»— 130,5 млн теңгеге төмендеген;
«Қазақстан Ғарыш Сапары» — 69,2 млн теңгеге төмендеген;
«Қазпошта» — 26,7 млн теңгеге төмендеген;
Kazakh Tourism — 6,2 млн теңгеге төмендеген.
Ал сыйақы көлемінің ең жоғары өсімі нарық көшбасшысы «Қазатомөнеркәсіпте» байқалды: бір жыл ішінде төлемдер 226,7 млн теңгеге немесе 33,5%-ға өскен.
Сондай-ақ "QazaqGaz" атқарушы орган мүшелеріне төленетін сыйақыны 94,5 млн теңгеге немесе 22,5%-ға, ал «Ұлттық ақпараттық технологиялар» 86,9 млн теңгеге немесе 85,7%-ға арттырған.
Бір топ-менеджерге орта есеппен қанша төленді?
Енді әрбір атқарушы орган мүшесіне шаққандағы орташа сыйақы көлемін қарастырайық. Бұл қай ұлттық компанияда топ-менеджерлердің орташа сыйақысы жоғары болғанын салыстыруға мүмкіндік береді.
Бұл жерде көрсетілген сома орташа көрсеткішекенін атап өткен жөн. Іс жүзіндегі сыйақы көлемі бір компанияның өз ішінде де атқарушы орган мүшелеріне қарай айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін.
2025 жылы бір атқарушы орган мүшесіне орта есеппен ең жоғары сыйақы төлеген компаниялар:
«Қазатомөнеркәсіп» — 112,9 млн теңге;
KEGOC** — 99,3 млн теңге;
«Бәйтерек» ҰБХ — 62,9 млн теңге;
«ҚазМұнайГаз» — 57,7 млн теңге;
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» — 56,7 млн теңге.
Әртүрлі ұлттық компаниялар бойынша бір атқарушы орган мүшесіне төленген орташа сыйақы 7,8 млн теңгеден 112,9 млн теңгеге дейін болды. Яғни айырмашылық шамамен 15 есеге* жетеді.
Басқаша айтқанда, бір ұлттық компанияда топ-менеджердің орташа айлық сыйақысы 9 млн теңгеден асса, басқа бір компанияда ол 500 мың теңгеден сәл ғана жоғары болған.
Жалпы, 22 ұлттық компанияның 13-інде бір атқарушы орган мүшесіне шаққандағы орташа сыйақы айына 2 млн теңгеден жоғары болды.