Бишімбаев жазасын өтеп жатқан колонияда жаңа бақылау жүйесі іске қосылды

Бишімбаев жазасын өтеп жатқан колонияда жаңа бақылау жүйесі іске қосылды
www.bbc.com

Ақмола облысының Степногорск қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №5 мекемеде бақылаудың жаңа жүйесі енгізілді. Бұл колонияда бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жазасын өтеп жатыр, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ақмола облысының прокуратурасы биыл Степногорскідегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің материалдық-техникалық базасын күшейтуге бюджеттен қаржы бөлінуіне ықпал еткенін мәлімдеді.

Осы жұмыстардың нәтижесінде №5 мекемеде заманауи бейнебайланысқа негізделген кіруді бақылау жүйесі орнатылды. Енді сотталған адам мекеме аумағында бір жерден екінші жерге шығуы қажет болған жағдайда арнайы батырманы басып, кезекші бөлімге хабарласады. Қызметкер бейнебайланыс арқылы оның кім екенін анықтап, шығу мақсатын нақтылайды. Тек рұқсат берілгеннен кейін ғана есік ашылады. Артынша есік автоматты түрде қайта жабылады.

Прокуратураның мәліметінше, жаңа жүйе сотталғандардың мекеме ішінде бақылаусыз қозғалуына жол бермей, өткізу тәртібін күшейтуге және қызметкерлер мен нысанның қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қадағалау органы электронды бейнебақылау және кіруді басқару жүйелерін енгізу сотталғандардың қозғалысын реттеп, мекемедегі тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тәсілдерінің бірі екенін атап өтті.

Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол қазір Степногорск қаласынан шамамен 10 шақырым жерде орналасқан, аса ауыр қылмыс жасағандар жазасын өтейтін қатаң режимдегі №5 мекемеде отыр.

Айта кетейік, Бишімбаевтың немере ағасы Бақытжан Байжанов та жазасын осы Степногорскідегі мекемеде өтеген. Ол шілде айында рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шықты.