Қырғызстан астанасы Бішкекте Қазақстан киносы күндері өтіп жатыр. Мәдени шара аясында қырғыз көрермендеріне қазақстандық кинематографистердің бірқатар туындысы ұсынылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Бағдарламаға «Qaitadan» және «Жабайы» көркем фильмдері, сондай-ақ «Алтын Адам» анимациялық фильмі енген.
Іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Асхат Сыздықов пен Қырғызстан Кинематография департаментінің директоры Талантбек Төлөбеков сөз сөйледі. Олар мұндай бірлескен мәдени жобалар екі ел арасындағы байланысты нығайтып, шығармашылық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар «Алтын Адам» анимациялық фильмінің режиссерлері Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы және «Жабайы» фильмінің авторы Дамир Әбілханов өз туындыларын қырғыз көрермендеріне таныстырды.
Қазақстан киносы күндері Қырғызстан көрермендерін отандық киноиндустрияның заманауи туындыларымен таныстыруға бағытталған. Сондай-ақ шара екі елдің кинематография саласы мамандары арасындағы кәсіби және шығармашылық байланысты кеңейтуге ықпал етеді.