БҚО креаторлары Астанада 5 млн теңгенің өнімін сатты

БҚО креаторлары Астанада 5 млн теңгенің өнімін сатты
https://t.me/madenietaqparat

26-27 қыркүйекте Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысының «Жайық толқыны» креативті көрмесі өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
 

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған шарада өңірдің шығармашылық әлеуеті таныстырылып, жергілікті брендтер мен авторлық бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Көрме-жәрмеңкеге 40-тан астам қолөнер шебері, суретші, зергер, дизайнер, сондай-ақ ағаш және тері өңдеу ісінің мамандары қатысты. Олар өз өнімдерін ұсынып қана қоймай, музыкалық аспап жасау, ағаш өңдеу және сәндік-қолданбалы өнер бағыттары бойынша шеберлік сабақтарын өткізді.

Шара барысында жергілікті дизайнерлердің жаңа топтамалары да көрсетілді. Атап айтқанда, «Мария ханым» сән үйі, AS_brands.kz және «ДариЛили» сән орталығы өз туындыларын таныстырды.

Көрмеде Батыс Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына да ерекше назар аударылды. «Балбалтас баяны» және «Музей мұрасы» жобалары арқылы өңір тарихы мен құнды жәдігерлері таныстырылды. Сонымен қатар көрермендерге «Долана» мультфильмі көрсетілді.

Екі күнге созылған көрмеге 3 мыңға жуық адам келген. Осы уақыт ішінде батысқазақстандық креаторлар 5 млн теңгенің өнімін сатты.

Creative Aimaq жобасы өңірлердегі шығармашылық кәсіп иелерін қолдауға, отандық брендтердің танымалдығын арттыруға және олардың өнімдерін нарыққа шығаруға мүмкіндік жасауға бағытталған. Сонымен бірге жоба ұлттық мұраны дәріптеп, креативті кәсіпкерліктің дамуына серпін беруді көздейді.-