Бөкей Ордасының 225 жылдығы аталып өтті

Бөкей Ордасының 225 жылдығы аталып өтті
Gov.kz

Хан Ордасы ауылында Бөкей хандығының құрылғанына 225 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті. Мерейтойлық шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, өңір аудандары мен Ресейден келген делегациялар, еңбек ардагерлері, тарихшы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері және жастар қатысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Облыс әкімі Бөкей Ордасының тарихы бір ғана өңірмен шектелмейтінін, оның мұрасы бүкіл ел үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңашыл бастамаларымен ерекшеленген Бөкей Ордасы тарихта «тұңғыштар мекені» атанды. Бұл топырақтан ел басқарған хандар мен сұлтандар, батырлар, шешендер, ақындар мен ағартушылар шыққан.

Мерейтойға дайындық 2023 жылдан басталған. Осы уақыт ішінде ауданның инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған бірқатар жұмыс атқарылды.

Облыс орталығы мен аудан арасындағы жолға қатқыл жабын төселіп, Хан Ордасына кіреберістегі 21 шақырым жол асфальтталды. Сондай-ақ мектеп пен мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, жаңа спорт кешені салынды. Музей аумағында визит-орталық пен әкімшілік ғимарат бой көтеріп, кесене жаңғыртылды.

Салтанатты жиында режиссер, Қазақстанның Халық әртісі Талғат Теменовке «Жәңгірдің жаңғыруы» деректі фильмін түсіргені үшін алғыс білдірілді. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, тарихи мұраны зерттеу мен насихаттауға үлес қосқан бірқатар азамат мерейтойлық медальдармен марапатталды.

Шара соңында «Ән қонған, күй дарыған – құт Нарын!» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды.