Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын қаржыландыруға екінші деңгейдегі банктерді кеңінен тарту жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Алматыда вице-премьердің төрағалығымен “Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту” ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Кеңесте инженерлік желілерді жаңартуға қажетті қаржы көлемі мен банктердің бұл жұмысқа қатысу мүмкіндіктері қаралды.
Ұлттық жобаға сәйкес, 2025–2029 жылдары энергетика және коммуналдық салаларға шамамен 13 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Оның 6,8 трлн теңгесі коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға жұмсалмақ. Жоба аясында 84 мың шақырымнан астам инженерлік желіні жаңғырту көзделген. Соның нәтижесінде желілердің орташа тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендету, ал коммуналдық нысандардағы апат санын 25 пайызға қысқарту жоспарланып отыр.
Өңірлердегі жобаларды қаржыландыру былтыр басталған. Биыл әртүрлі қаржы көздерінен кемінде 1,1 трлн теңге инвестиция тарту межеленген. Қанат Бозымбаев жоспарланған жұмыстарды уақытында әрі толық орындау үшін несие беруге қатысатын банктердің санын арттыру қажет екенін атап өтті.
Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне коммуналдық кәсіпорындардың жеңілдетілген қаржы алу мүмкіндігін кеңейту тапсырылды. Министрлік қолданыстағы қаржыландыру тәртібін жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлеуі тиіс.
Ал тапсырмалардың орындалуын үйлестіру Ұлттық экономика министрлігі мен “Бәйтерек” ұлттық басқарушы холдингіне жүктелді. Холдинг мемлекеттік органдар және қаржы ұйымдарымен бірлесіп, арнайы жұмыс тобын құрады. Бұл топ әр жобаның жүзеге асырылу барысын ай сайын қадағалап отырады.
Сонымен қатар “Бәйтерек” холдингі банктермен бірге 2027 жылы тікелей несие арқылы қаржыландырылатын жобалардың тізімін дайындауы керек. Онда әр жобаға бөлінетін қаржы көлемі, несие беру шарттары мен шешім қабылдау мерзімдері нақты көрсетілуі тиіс.