BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Бюджеттен қаржы бөлінген ғылыми жобалар табыс әкелді ме?

BS News
Фото: видеодан скриншот
Бөлісу Telegram

Құрылтай отырысында депутат Тілектес Адамбеков осындай өткір мәселе көтерді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке арнаған депутаттық сауалында Адамбеков: "соңғы алты жылда республикалық бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы алты есе өсті. 2023 жылдан бастап ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындар екі еседен астам өсіп, 2026 жылға қарай
121,5 млрд теңгеден 260 млрд теңгеге ұлғайған", - деп мәлімдеді.

Сонымен қатар, 2025 жылы 241 инновациялық жобаның  іске асырылғаны, 1 200-ден астам зерттеудің аяқталғаны және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағдарламаларының кеңейтілгені айтылған.

Алайда еліміздегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландырудың экономикалық әсері туралы ақпарат қолжетімді емес. Зерттеу жұмыстарының шамамен 80%-ы мемлекеттік  бюджет есебінен қаржыландырылады. 

Бюджет тапшылығы жағдайында қаржыландыру көлемі мен іске асырылған жобалардың саны ғана емес, мемлекет салған инвестициялардың нақты қайтарымын бағалау маңызды.

Осыған байланысты төмендегі мәселелер бойынша нақты ақпарат ұсынуыңызды сұраймын:
1) Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға бағытталған әрбір теңге бюджет қаражаты қандай көлемде экономикалық әсер, қосылған құн, салықтық түсім немесе экспорттық кіріс әкелді?
2) Нәтижелері өндіріске енгізілген, коммерциаландырылған немесе жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берген ғылыми жобалар үлесі қандай? 
3) Ғылым мен технологиялардың жекелеген бағыттарының тиімділігіне салыстырмалы талдау жүргізіле ме? Қандай салалар ең жоғары экономикалық қайтарым көрсетеді, ал қай бағыттар практикалық нәтижелердің жоқтығымен сипатталады? Егер мұндай бағыттар анықталса, олардың төмен нәтижелілігінің негізгі себептері қандай?, - деп депутат Саясат Нұрбекке сауал жолдады.

BS News
Автордың басқа материалдары