Дарбаза – Мақтаарал теміржолының құрылысы аяқталуға жақын

Дарбаза – Мақтаарал теміржолының құрылысы аяқталуға жақын
https://t.me/kolikpress

Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы аяқталу кезеңіне жақындады. Қазір учаскеде жер жұмыстарын бітіру, теміржол төсемін салу және инженерлік нысандарды тұрғызу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Бүгінге дейін жоспарланған 13,2 млн текше метр жер жұмысының 12,9 млн текше метрі орындалды. Бұл жалпы көлемнің 98%-ын құрайды. Сонымен қатар арнайы базаларда 142 шақырым рельс-шпал торы құрастырылып, оның 105,6 шақырымы теміржол учаскесіне төселді. Осылайша, бұл бағыттағы жұмыстар 61%-ға орындалған.

Инженерлік құрылыстарды салу да қарқынды жүріп жатыр. Жоспарланған 129 су өткізу құбырының 124-і орнатылды. Бұл – жалпы көлемнің 96%-ы. Бұдан бөлек, 29 көпірдің құрылысы аяқталып, тағы төрт нысанда жұмыс жалғасуда.

Құрылысқа 977 техника мен 1 815 жұмысшы тартылған.

Жоспар бойынша қазан айында негізгі жолдардағы жер төсемі мен рельс-шпал торын салу аяқталып, теміржол желісін түйістіру көзделген. Ал жаңа бағыт бойынша жұмыс қозғалысын жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.

Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің негізгі жолдарының ұзындығы 127,6 шақырымды құрайды. Жоба Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылуда.

Жаңа желі Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша халықаралық теміржол бағытын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Сарыағаш – Ташкент учаскесіндегі жүктемені азайтып, теміржолдың өткізу қабілетін арттыру және Орталық Азия бағытындағы транзиттік тасымалдарды кеңейту көзделген.