Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекті қауіпсіз сатып алу және оның түпнұсқалығын тексеру жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мамандар дәрі сатып аларда ең алдымен оның Қазақстанда тіркелгеніне назар аударуға кеңес береді. Сондай-ақ қаптамасының бүтіндігі, жарамдылық мерзімі мен сақтау талаптарының сақталуы тексерілуі керек.
Қаптамада дәрінің атауы, мөлшері, шығарылу түрі және қажетті таңбалары көрсетілуге тиіс. Ал препаратты медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулық қазақ және орыс тілдерінде берілуі қажет.
Дәрінің Қазақстанда ресми тіркелген-тіркелмегенін Мемлекеттік дәрілік заттар тізілімінен білуге болады. Ал препараттың түпнұсқалығы мен таңбалау жүйесіндегі мәртебесін DariKz және Naqty Onim қосымшалары арқылы тексеруге мүмкіндік бар.
Министрлік дәрі-дәрмекті тек оны сатуға рұқсаты бар дәріханалар мен заңды сауда орындарынан сатып алуға шақырады. Әлеуметтік желілердегі хабарландырулардан немесе белгісіз интернет-сайттардан дәрі сатып алғанда сақ болған жөн.