Денсаулық сақтау саласындағы 37 ұйымның ғылыми жұмысы тексерілді
Қазақстанда денсаулық сақтау саласындағы 37 ұйымның ғылыми нәтижелілігі тексерілді. Бағалау Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша жүргізілді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Бұған 2025 жылы жүргізілген мемлекеттік аудит негіз болған. Оның қорытындысында Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ұйымдардың ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметін талдап, тиісті шаралар қабылдау тапсырылған еді. Бағалау 19 ғылыми-зерттеу институты мен клиникалық ғылыми орталықты, клиникалық емес бағыттағы 10 ғылыми ұйымды және жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін 8 медициналық ұйымды қамтыды.
Мекемелердің ғылыми зерттеулерден түсетін кірісі, жарияланымдар саны мен оларға жасалған сілтемелер, патенттері, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру деңгейі, инновациялық қызметі және халықаралық ғылыми іс-шараларға қатысуы сараланды. Талдау нәтижесінде бірқатар ұйымға көрсеткіштерін жақсарту тапсырылды. Ал екі мекемеге қатысты жеке шешім қабылданды.
Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының ғылыми ұйым мәртебесін сақтау ұсынылды. Бұл – трансфузиология және қан қызметі саласындағы республикалық деңгейдегі жалғыз мамандандырылған ұйым. Сонымен бірге оның қызмет ерекшелігіне байланысты ғылыми және инновациялық жұмыстан түсетін кіріс үлесін бағалау көрсеткішін қайта қарау туралы шешім қабылданды.
Ал Б.О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы ең төмен нәтиже көрсеткен ұйымдардың қатарында болды. Орталыққа белгіленген талаптарға қол жеткізу үшін шұғыл шаралар қабылдау тапсырылды. Егер 2026 жылдың қорытындысында көрсеткіштер жақсармаса, оның ғылыми ұйым мәртебесі қайта қаралуы мүмкін.
Ғылыми ұйымдар мен медициналық жоғары оқу орындарының басшыларына отандық және шетелдік гранттарды көбірек тарту, халықаралық клиникалық зерттеулерге қатысу, патенттер санын арттыру және ғылыми жобаларды коммерцияландыруды дамыту міндеттелді. Сонымен қатар ғылыми ұйымдардың жұмысын тұрақты бақылау үшін арнайы цифрлық платформа құру мәселесі қарастырылмақ. Ол ғылыми қызмет туралы мәліметтерді жинауға, талдауға және тексеруге мүмкіндік береді.
Ғылыми ұйым мәртебесін беру және қайта қарау ережелері де жаңартылды. Бағалау талаптары нақтыланып, ғылыми нәтижелілікті анықтайтын өлшемдер жетілдірілді.
Жоғары аудиторлық палата қалған нұсқамалардың орындалуын бақылауда ұстап отыр.