Құрылтайдың Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитеті Көлік министрлігінің Ахуалдық орталығында көшпелі отырыс өткізді. Әмірбек Оспанбеков төрағалық еткен жиын «Көлік саласының қазіргі жағдайы және дамуы» тақырыбына арналды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Отырысқа Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, квазимемлекеттік ұйымдардың басшылары және сала мамандары қатысты.
Жиында Әмірбек Оспанбеков Қазақстанды толыққанды көлік-логистикалық мемлекетке айналдыру стратегиялық міндеттердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, көлік саласы ел экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналған. Соңғы бес жылда саланың көрсеткіштері шамамен үш есе өсіп, жыл соңына қарай 14 трлн теңгеге жетеді деп болжанып отыр.
Кездесу барысында депутаттарға Көлік министрлігі енгізіп жатқан цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесі таныстырылды. Сондай-ақ заманауи бейнебақылау жүйелері, логистикалық үдерістерді автоматтандыру, автомобиль өткізу бекеттерін жаңғырту және жол саласына жаңа технологияларды енгізу жұмыстары көрсетілді.
Жиын соңында депутаттар мен сарапшылар көлік саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын қарастырды. Нәтижесінде нақты ұсыныстар әзірлеу үшін арнайы жұмыс топтарын құру туралы шешім қабылданды.