Димаш Құдайберген «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысады
Димаш Құдайберген «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына қатысатынын мәлімдеді. Бұл туралы әнші Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Өнер иесі марафонға байқаудан тыс «Парасат» санаты бойынша қатысатынын айтты. Ол кейінгі уақытта оқыған кітаптарының бірі ретінде қазақстандық суретші әрі ядролық қаруға қарсы қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіковтың «Жизнь без рук» («Қолсыз өмір») атты автобиографиялық туындысын атады.
Димаштың сөзінше, Қарағандыда Кеншілер күніне арналған концерт қарсаңында Кәріпбек Күйіковпен жүздескен. Суретшінің өмір жолы, қиындыққа мойымаған қайсарлығы мен рухының беріктігі әншіге ерекше әсер қалдырған.
«Кітап оқитын ұлт» марафоны елімізде кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға бағытталған.
Димаш Құдайберген марафон көпшілікті жаңа кітаптар оқуға, одан тағылым алуға және оқыған дүниелерімен өзара бөлісуге ынталандырады деген үмітін білдірді.