Осы аптада теңге доллар мен еуроға шаққанда айтарлықтай нығайды. Ал Ресей рублінің бағамында елеулі өзгеріс болған жоқ. 21-25 қыркүйек аралығындағы негізгі шетел валюталарының бағамына шолу жасалды, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
21 қыркүйектегі күндізгі сауда қорытындысында доллардың орташа бағамы 448,44 теңге болып, 1,36 теңгеге көтерілген еді. Алайда келесі күндері доллар арзандай бастады.
22 қыркүйекте АҚШ валютасының бағамы 447,85 теңгеге, 23 қыркүйекте 445,65 теңгеге дейін түсті. Ең үлкен өзгеріс 24 қыркүйекте тіркелді. Бұл күні доллар бірден 3,6 теңгеге арзандап, 441,89 теңге болды. 25 қыркүйекте бағам айтарлықтай өзгермей, 441,88 теңге деңгейінде тұрақтады.
Осылайша, 21-25 қыркүйек аралығында доллардың орташа бағамы 448,44 теңгеден 441,88 теңгеге дейін төмендеді. Бір аптаға жетпейтін уақытта АҚШ валютасы 6,56 теңгеге арзандады.
Еуро да арзандады
Апта ішінде теңге еуроға шаққанда да нығайды.
Астанада кезең басында еуроны айырбастау орындары орта есеппен 507,01 теңгеден сатып алып, 517,01 теңгеден сатқан. Апта соңында бұл көрсеткіштер тиісінше 499,85 және 509,85 теңгеге дейін төмендеді.
Алматыда еуроны сатып алу бағасы 510,21 теңгеден 502,26 теңгеге, ал сату бағасы 515,29 теңгеден 507,54 теңгеге дейін түсті.
Шымкентте еуро бұдан да көбірек арзандады. Айырбастау орындарындағы сатып алу бағасы 512,92 теңгеден 502,35 теңгеге, сату бағасы 517,04 теңгеден 508,42 теңгеге дейін төмендеді.
Рубль бағамы айтарлықтай өзгерген жоқ
21-25 қыркүйек аралығында Ресей рублінің бағамы бірқалыпты сақталды.
Астанада рубльді сатып алу бағасы 4,95 теңгеден 5 теңгеге, сату бағасы 5,15 теңгеден 5,20 теңгеге көтерілді.
Алматыда айтарлықтай өзгеріс байқалмады: рубльді сатып алу бағасы 5 теңгеден 4,99 теңгеге, сату бағасы 5,12 теңгеден 5,11 теңгеге түсті.
Шымкентте де өзгеріс шамалы болды. Рубльді сатып алу бағасы 5,04 теңгеден 5,03 теңгеге, ал сату бағасы 5,12 теңгеден 5,09 теңгеге төмендеді.
Жалпы, 21-25 қыркүйек аралығында теңге доллар мен еуроға шаққанда нығайды. Доллардың орташа бағамы 6,56 теңгеге төмендесе, үш ірі қаладағы еуро бағасы шамамен 7-10 теңгеге арзандады. Ал Ресей рублінің бағамы апта соңына дейін айтарлықтай өзгерген жоқ.