Дүниежүзілік банк Қазақстандағы жобаларға $8 млрд-тан астам қаржы бөлді
Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасындағы 33 жылдық ынтымақтастық аясында жалпы құны 8 млрд доллардан асатын 50-ден астам жоба жүзеге асырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі әл-ауқат мәселелері жөніндегі өңірлік директоры Абебе Адугнамен кездесті.
Кездесуде Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайы, реформаларды жалғастыру, инфрақұрылымды дамыту және алдағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Серік Жұманғарин Қазақстанның Дүниежүзілік банк тобымен әріптестігі стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. 33 жыл ішінде банктің қолдауымен көлік, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, жасыл технологиялар және цифрландыру салаларында 50-ден астам жоба іске асырылған. Олардың жалпы құны 8 млрд доллардан асады.
Абебе Адугна өз кезегінде Қазақстан экономикасындағы өсім мен инвестициялық белсенділіктің оң қарқынына назар аударды.
Тараптар инфрақұрылымды дамыту және оны қаржыландыру жолдарын да қарастырды. Дүниежүзілік банк өкілдері инвестицияның тиімділігін арттыру үшін инфрақұрылымдық жобаларды институционалдық және реттеуші реформалармен қатар жүргізудің маңызын атап өтті. Мұндай қадамдар еңбек өнімділігін арттырып, инновацияны дамытуға мүмкіндік беретіні айтылды.
Серік Жұманғарин Қазақстан инфрақұрылымдық жобаларды елдің ішкі қажеттілігімен ғана шектемей, Орталық Азияның көлік байланыстарын дамыту тұрғысынан да қарастыратынын жеткізді.
«Қазақстанның инфрақұрылымы – Орталық Азияның ірі бірыңғай инфрақұрылымдық тізбегін құрудағы алғашқы қадам ғана. Сөз тек біздің ішкі жолдарымыз бен теміржолдарды жақсарту туралы ғана болып отырған жоқ. Бұл жолдардың барлығы біз үшін және көрші елдер үшін тиімді болуын қамтамасыз етуіміз керек», – деді Серік Жұманғарин.
Дүниежүзілік банк халықаралық тәжірибені ескере отырып, инфрақұрылымды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру бағытында Қазақстанмен бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.