Экономиканы цифрландыру: Құрылтайда арнайы комиссия құрылды
Құрылтайда экономиканың негізгі салаларын цифрландыру мәселесіне арналған тыңдау өткізу үшін арнайы комиссия жасақталды. Жиын биылғы 11 желтоқсанға жоспарланған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Депутаттар "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында экономиканың нақты секторын цифрлық трансформациялау" тақырыбында өтетін тыңдауға дайындық мәселелерін қарады.
Жиынға салалық министрліктер мен орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері, бизнес қауымдастығының өкілдері және тәуелсіз сарапшылар шақырылады.
Тыңдау барысында өнеркәсіп, құрылыс, көлік, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларына цифрлық технологияларды енгізу деңгейі сараланады. Сонымен қатар цифрландыруға кедергі келтіріп отырған мәселелер мен оларды шешудің тиімді жолдары талқыланбақ.
Құрылтай регламентінің 211-тармағына сәйкес, тыңдауды ұйымдастыруға жауапты арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына тұрақты комитеттер мен саяси партиялар фракцияларынан 19 депутат кірді.
Комиссия төрағасы болып Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев сайланды.