BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Экс-банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шықты

Дана Зарылханқызы
Forbes.kz
Бөлісу Telegram

Экс-банкир Жомарт Ертаев 16 қыркүйекте жазасын толық өтеп, бостандыққа шықты. Бұл ақпаратты Қазақстан Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі растады, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ресми мәлімет бойынша, Ертаев сот тағайындаған жазаны толық өтегеніне байланысты босатылған. Алайда оған қатысты алдағы алты жыл бойы әкімшілік бақылау жүргізіледі. Әкімшілік бақылау – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамның жүріс-тұрысын ішкі істер органдарының заңда белгіленген тәртіппен бақылауы.

Жомарт Ертаевтың ісі

2020 жылғы қарашада Алматы соты Жомарт Ертаевты Bank RBK-ға тиесілі 144 млрд теңгені жымқырды деген айыппен 11 жылға бас бостандығынан айырған. Бұл іс бойынша онымен бірге тағы 35 адам сотталды. Сот Ертаевты кінәлі деп танып, оған 10 жыл бойы банк және қаржы саласында жұмыс істеуге тыйым салды. Үкім шығарылған кезде оның кінәсін мойындағаны, тергеуге көмектескені және келтірілген шығынның бір бөлігін өтегені ескерілді.

Іс бойынша Bank RBK басқармасының бұрынғы төрағасы Игорь Мажинов пен Qazaq Banki-дің бұрынғы акционері Бақыт Ибрагим де сотталды. Оларға сегіз жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мүлкі тәркіленді. Сондай-ақ 10 жыл бойы банк және қаржы саласында қызмет атқаруға тыйым салынды.

Кейін Жомарт Ертаевқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қаралды. Ол Bank RBK, Qazaq Banki және Еуразиялық банк несиелерін жымқырды деп айыпталды. Бұл іс бойынша оның төрт сыбайласына да сот үкімі шықты. Сотталғандардан банктерге келтірілген шығынды өтеу талап етілді. Атап айтқанда, Bank RBK-ға шамамен 98 млрд теңге, Qazaq Banki-ге 46 млрд теңгеден астам, ал Еуразиялық банкке 24 млрд теңгеден астам қаржы қайтарылуы тиіс болды.

2021 жылғы наурызда сот алғашқы іс бойынша Ертаевтың жазасын жеңілдетіп, 11 жылды 9 жылға қысқартты.

Амнистияға байланысты даулы жағдай

2025 жылғы қыркүйекте Жомарт Ертаевтың жақсы мінез-құлқына байланысты амнистияға іліккені хабарланды. 2 қыркүйекте Алатау қаласының соты оның өтелмеген жазасының бір бөлігін амнистия бойынша қысқарту туралы өтінішін қанағаттандырған. Сол кезде Ертаев жазасының 8 жыл 3 ай 14 күнін өтеген, ал өтелмеген мерзімі 11 ай 16 күн болған. Колонияда оған мінез-құлқына байланысты алғашқы оң дәреже берілген.

Алайда кейін бұл шешімнің дұрыс есептелмегені анықталды. Апелляциялық сот Ертаевтың 2020 және 2021 жылдары екі бөлек үкім бойынша сотталғанын ескерді. Ал оның жазасының түпкілікті мерзімі басқа сот қаулысымен белгіленген.

Апелляциялық инстанция бірінші соттың қандай үкім бойынша жаза мерзімін есептегенін нақты көрсетпегенін анықтады. Сонымен қатар бұған дейін өтелген жазаның бір бөлігі есепке алынбаған және соттағы мерзімдер мен түзету мекемесінің деректері арасында айырмашылық болған. Осыған байланысты Ертаевты амнистия негізінде босату туралы шешімнің күші жойылып, оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартылды. Кейін ол қайтадан колонияға жіберілді.

2026 жылғы ақпанда Жоғарғы сот Ертаевтың апелляциялық инстанция шешіміне бұдан әрі шағым түсіре алмайтынын мәлімдеді. Соттың түсіндіруінше, амнистия қолдану туралы бірінші инстанция шешімін жойған апелляциялық қаулы Қылмыстық-процестік кодекстің 484-бабы 2-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қайта қарауға жатпайды.

Осылайша, Жомарт Ертаев 2026 жылғы 16 қыркүйекте сот тағайындаған жазасын толық өтеп, бостандыққа шықты. Оған алдағы алты жыл ішінде әкімшілік бақылау қолданылады.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары