Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту (ЭКСЖ) жобалық кеңсесінің отырысы өтті. Жиында ұлттық жобаның жүзеге асу барысы, 2027 жылға жоспарланған жобалардың дайындығы, қаржыландыру, цифрландыру және отандық өндірушілердің қатысуы қаралды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Ұлттық жоба аясында жалпы құны 839 млрд теңге болатын 347 жоба әзірленген. Қазіргі уақытта оның 220-сы бойынша мердігерлер анықталды. Құны 126 млрд теңге болатын 77 жобада құрылыс пен жабдықтарды сатып алу жұмыстары басталған. Тағы 29 жоба бойынша конкурс өтіп жатыр.
Бүгінде жеті өңірдегі 14 нысанда жұмыс толық аяқталды. Оларға 27,3 млрд теңге инвестиция салынған. Конкурстар нәтижесінде шамамен 975 млн теңге үнемделген. Аталған нысандарды пайдалануға беру үшін қажетті құжаттар рәсімделіп жатыр.
Сонымен қатар бірқатар өңірде жобаларды іске асыру қарқыны төмен екені айтылды. 30 кәсіпорынға тиесілі 67 жоба бойынша құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Бұл қатарда Шымкент, Абай, Ұлытау, Алматы, Атырау және Түркістан облыстары бар.
Қанат Бозымбаев өңірлердегі жобалардың орындалуын жеделдетіп, қажет болған жағдайда тәжірибе алмасуды және нысандарға барып, мәселелерді сол жерде шешуді тапсырды.
2027 жылға арналған жобалардың дайындығы да талқыланды. Құны 300 млрд теңге болатын 245 жоба бойынша қажетті келісімдер алынып, конкурс рәсімдері басталған. Вице-премьер құжаттарды дайындау мен конкурстарды келесі құрылыс маусымына қалдырмай, жұмыстарды алдын ала аяқтауды тапсырды.
Отырыста жобалардың орындалу барысы бұдан былай апта сайын бақылауға алынатыны айтылды. Ал Ұлттық экономика министрлігі қазан айына дейін әр өңірдегі тапсырмалардың орындалуына талдау жасауы керек.
Жиында шағын коммуналдық кәсіпорындарды қаржыландыру мәселесіне де назар аударылды. Кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз кәсіпорындар үшін қосымша қаржы көздерін табу және қарыздарды кепілдендіру тетіктерін қарастыру тапсырылды.
Коммуналдық инфрақұрылымды есептеу құралдарымен қамту және салалық деректерді бір жүйеге біріктіру мәселелері де көтерілді. Қанат Бозымбаев бұл бағытты цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жұмыстарымен байланыстырып, ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдастығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар конкурс рәсімдерінің сапасына қатысты мәселелер айтылды. Шілде айынан бері уәкілетті органға шамамен 300 шағым түсіп, оның 112-сі қанағаттандырылған. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, конкурстардың өткізілуін бақылауды күшейту тапсырылды.
Отырыста отандық өндірушілерді ЭКСЖ жобаларына кеңінен тарту қажеттігі де атап өтілді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 15 қазанға дейін сатып алу мен офтейк-келісімшарттарға қатысты нормативтік өзгерістерді әзірлеп, қазақстандық өндірушілермен жұмыс істеудің нақты тетіктерін белгілеу тапсырылды.
Жиын соңында Қанат Бозымбаев жобаларды іске асыру қарқынын арттырумен қатар, орындалатын жұмыстардың сапасын төмендетпеу қажеттігін атап өтті.