Энергия жүйесінің тұрақтылығын арттыру шаралары қаралды
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің оңтүстік бөлігінде болған технологиялық ақаулардың себептерін анықтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жиында Энергетика министрлігі мен «KEGOC» АҚ басшылығы жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижелері туралы есеп берді.
Отырыс барысында энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекетаралық түйісу нүктелеріндегі аварияға қарсы автоматиканың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Комиссия тұтынушыларды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге, көршілес мемлекеттермен жүйеаралық байланысты тұрақты ұстауға және маневрлік генерация қуаттарын дамытуға басымдық берді. Атап айтқанда, Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3, «Түркістан» бу-газ қондырғысы сияқты энергетикалық нысандардың мүмкіндіктерін арттыру мәселесі қаралды.
Отырыстың қорытындысында мемлекеттік органдар мен тиісті ұйымдарға технологиялық ақауларды тексеру нәтижесінде белгіленген шараларды толық әрі уақтылы орындау тапсырылды.