BASPASOZТолық нұсқа
Спорт

Ербол Мырзабосынов Азия ойындарына дайындалып жатқан спортшылармен кездесті

Дана Зарылханқызы
https://t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi
Бөлісу Telegram

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов XX жазғы Азия ойындарына дайындалып жатқан Қазақстан құрамасының спортшыларымен кездесті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесу барысында министр спортшылар мен жаттықтырушылардың дайындық барысын сұрап, алдағы жарыста жоғары нәтиже көрсетуіне тілектестік білдірді. Қазір ұлттық құраманың негізгі бөлігі Жапонияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Қазақстан делегациясының шамамен 80 пайызы елге барған.

Биыл спортшыларды жарысқа дайындау тәсіліне өзгеріс енгізілді. Қорытынды оқу-жаттығу жиындарының басым бөлігі Азия ойындары өтетін Жапонияда ұйымдастырылып отыр. Бұл спортшыларға жарыс басталғанға дейін уақыт белдеуі мен климатқа бейімделіп, жергілікті жағдайға үйренуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жаттығу кезінде спортшылардың физикалық дайындығы бағаланып, жарыс алдындағы жүктемелерге қажетті өзгерістер енгізіледі.

«Азия ойындары – биылғы жылдың маңызды спорттық жарыстарының бірі. Спортшыларымыздың жарысқа барынша дайын болып баруы үшін қажетті жағдай жасалды. Сіздердің әрқайсыңыздың арттарыңызда ұзақ жылғы еңбек пен жаттықтырушылардың еңбегі, сондай-ақ қазақстандықтардың қолдауы тұр. Сіздерге сәттілік пен жоғары нәтиже тілеймін», – деді Ербол Мырзабосынов.

Кездесуде Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын алып шығатын спортшылар да таныстырылды. Олар – дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен үстел теннисінен ұлттық құрама мүшесі Сарвиноз Миркадирова.

Министр спортшылардың қорытынды дайындығында дене дайындығы, қалпына келу үдерісі және жарысқа тікелей дайындық мәселелеріне басымдық беріліп отырғанын атап өтті.

XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аити префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Байрақты додаға Азияның 45 елінен шамамен 15 мың спортшы қатысып, спорттың түрлі түрінен 469 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары