Вице-президент Ерлан Қарин ішкі саясаттағы негізгі басымдықтарға қатысты пікірін өзінің Telegram арнасында жариялады. Оның жазбасында бұл бағыттар құндылықтар, қоғамдық этика және болашаққа ұмтылыс ретінде айқындалған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Бірінші басымдық – конституциялық құндылықтар. Олардың қатарында Заң және тәртіп, жалпыұлттық бірлік, этносаралық және конфессияаралық келісім, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация, еңбекқорлық пен прогресс, қоршаған ортаға жауапкершілік және жасампаз патриотизм бар.
Қариннің айтуынша, мемлекеттік органдар Конституцияның негізгі ережелерін түсіндіруге және қоғам арасында конституциялық құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған ақпараттық, сараптамалық және мәдени-ағартушылық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуі қажет.
Екінші бағыт – жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру. Бұл қоғамда заманауи әрі жауапты мінез-құлық үлгілерін орнықтыруды, ортақ құндылықтарды нығайтуды және қоғамдық дамуға кері әсер ететін үрдістерге қарсы тұруды қамтиды.
Осы бағытта «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға, «Таза Қазақстан» бастамасын дамытуға және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын тиімді іске асыруға басымдық беріледі. Сонымен бірге «Таза Қазақстан» аясында бірыңғай цифрлық платформа құру, ұлттық тазалық стандартын және өңірлердің тазалық рейтингін енгізу ұсынылады.
Үшінші басымдық – болашаққа бағыт ұстану. Бұл ғылым мен білімді, инновация мен технологияны, мәдениет пен ағартушылықты дамыту арқылы адам капиталын күшейтуді көздейді. Осы бағыттағы бастамалардың қатарында «Қазақстан балалары», «Оқитын ұлт» және «Digital Qazaqstan» жобалары аталды.
Қариннің жазбасында аталған үш бағыттың ортақ мақсаты – болашаққа сеніммен қарайтын мықты мемлекет пен дамыған қоғам қалыптастыру екені айтылған.