Flydubai Алматы мен Дубай арасында жүк тасымалын бастады
Flydubai әуе компаниясы Дубай – Алматы – Дубай бағыты бойынша тұрақты жүк рейстерін іске қосты. Жаңа әуе қатынасы Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтып, халықаралық жүк тасымалының мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Алматы халықаралық әуежайы жаңа бағыт бойынша алғашқы жүк ұшағын қабылдады. Осыған орай әуежайда салтанатты рәсім ұйымдастырылып, әуе кемесі авиация саласындағы дәстүрге сай су аркасымен қарсы алынды.
Әуе компаниясының мәліметінше, Алматы мен Дубай арасындағы жүк рейстері аптасына бір рет Boeing 737 ұшақтарымен орындалады. Жаңа бағыт Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы ірі көлік-логистикалық орталықтардың бірі саналатын екі қаланы тікелей байланыстырады. Бұл Қазақстаннан шетелге тауар жөнелтетін және сырттан өнім жеткізетін кәсіпкерлер үшін қосымша мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, тұрақты жүк рейстері экспорт пен импорт көлемін ұлғайтуға, тауар жеткізу тізбегін оңтайландыруға және халықаралық логистикалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуі мүмкін.
Сонымен қатар жаңа әуе қатынасы Алматының өңірлік көлік торабы ретіндегі маңызын арттыруға мүмкіндік береді. Дубай халықаралық сауда мен жүк тасымалындағы маңызды орталықтардың бірі болғандықтан, бұл бағыт қазақстандық компаниялардың сыртқы нарықтармен байланысын кеңейтуге жол ашады.
Алматы халықаралық әуежайы алдағы уақытта да әлемнің жетекші логистикалық орталықтарымен әуе қатынасын дамытуды жоспарлап отыр. Әуежайдың негізгі мақсаттарының бірі – жүк тасымалдау инфрақұрылымын жетілдіріп, Алматының Орталық Азиядағы авиациялық-логистикалық орталық ретіндегі орнын нығайту.