Геннадий Головкин ISSA вице-президенті болып сайланды
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам Ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) вице-президенті болып сайланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Сайлау 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өткен ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында өтті.
Геннадий Головкин 2026-2029 жылдарға арналған Атқарушы комитет құрамына Азия және Еуропа өңірлеріне жауапты вице-президент ретінде енді. Жаңа қызметінде ол аталған аймақтардағы Ұлттық Олимпиада комитеттерінің атынан қауымдастықтың басқару жұмысына қатысады.
Атқарушы комитет құрамындағы жұмыс ISSA-ның даму стратегиясын әзірлеуге, Ұлттық Олимпиада комитеттерін қолдау бағдарламаларын дамытуға, спортшылардың мүмкіндіктерін кеңейтуге және мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
ISSA президенті қызметіне Сауд Арабиясының спорт министрі, елдің Олимпиада және Паралимпиада комитеттерінің басшысы ханзада Абдулазиз бин Турки Әл-Фейсал қайта сайланды. Ал Африка және Латын Америкасы өңірлеріне жауапты вице-президент лауазымына Марокко өкілі Наваль Эль-Мутавакель келді.
Геннадий Головкин 2024 жылдың ақпанынан бері Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметін атқарып келеді. 2025 жылдың қарашасында ол World Boxing ұйымының президенті болып сайланды. Осылайша, Головкин Олимпиадалық спорт түрлері бойынша халықаралық федерацияны басқарған Қазақстанның алғашқы өкілі атанды.
Айта кетейік, Ислам Ынтымақтастығы спорт қауымдастығы Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің Ұлттық Олимпиада комитеттерін біріктіреді. ISSA-ның жоғарғы органы – Бас ассамблея. Қауымдастықтың негізгі халықаралық спорттық іс-шараларының бірі – Ислам ынтымақтастығы ойындары.