BASPASOZТолық нұсқа
Спорт

"Хайпожор": Данияр Елеусінов актер Еркебұлан Тоқтарды жекпе-жекке шақырды

Ақбарыс Жолшыбай
Еркебұлан Тоқтар мен Данияр Елеусінов. Фото-коллаж: Baspasoz.kz / ЖИ
Бөлісу Telegram

Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов актер әрі ММА спортшысы Еркебұлан Тоқтарды жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Бұл туралы Еркебұлан Тоқтар Instagram желісіндегі парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Данияр Елеусінов әлеуметтік желіде оның суретін бөлісіп, "Олимпиада чемпионы біреуден нашар деп санайтын мына хайпожорды маған беріңіздер, жарты раундта сұлатып түсірейін" деген мазмұнда жазба қалдырған.

Еркебұлан Тоқтар бұл жағдайға таңғалғанын айтып, Олимпиада чемпиондары туралы бұған дейін жаман пікір білдірмегенін жеткізді.

"Мен бұл ағамызға не істеп қойғанымды білмеймін. Бірақ мен сұхбаттарымда Олимпиада чемпиондары туралы жаман ештеңе айтқан емеспін. Мүмкін, мені мотиватормен шатастырып алған шығар. Ол кісі – Олимпиада чемпионы. Менің деңгейіме түсіп, менімен бокстасатын адам емес еді", – деді актер.

Сонымен қатар Еркебұлан Тоқтар Елеусіновпен шаршы алаңға шығуға қарсы емес екенін айтты. Алайда оның сөзінше, мұндай жекпе-жек ресми түрде ұйымдастырылуы керек.

"Егер принципиалды түрде мені ұрғысы келсе, "Рух Боксингке" келіп жұдырықтассақ болады. Олимпиада чемпионы, қазақ ағама ұтылу мен үшін ұят емес. Ал егер халықтың алдында ұрғысы келсе, онда промоутерлерге гонорар, ақшасын төлетіп, ресми түрде жекпе-жек ұйымдастырсын. Ақшасын төлесе, мен шығып беремін", – деді Еркебұлан Тоқтар.

Ол бұл жағдай өзара түсініспеушіліктен туындауы мүмкін екенін де жоққа шығармады.

Ақбарыс Жолшыбай
Автордың басқа материалдары