Италияға оқуға түскен қазақстандық студенттер виза рәсімдеуде қиындыққа тап болды
2026-2027 оқу жылында Италия университеттеріне оқуға түскен қазақстандық студенттер студенттік виза рәсімдеу кезінде жаңа талапқа тап болғанын айтып шағымданды. Олардың сөзінше, енді виза алу үшін шетелдік білім туралы құжатты тексеретін CIMEA сертификаты талап етілуі мүмкін. Бұл талап білім туралы құжаттың құндылығы туралы декларацияны (Dichiarazione di Valore, DDV) рәсімдеп қойған немесе оны алуға өтініш берген талапкерлерге де қатысты болуы ықтимал, деп Baspasoz.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Студенттердің айтуынша, CIMEA туралы ақпарат 11 қыркүйекте белгілі болған. Бұл кезде олардың көпшілігі Италияға оқуға түсу процесінің негізгі кезеңдерін аяқтап қойған. Олар бірнеше ай ішінде университеттен шақырту алып, Universitaly жүйесінен өтіп, құжаттарын аудартып, апостиль қойдырып, қажетті төлемдерді жасап, бұрын шетелдік білім туралы құжатты растау тәсілдерінің бірі болған DDV рәсімдеген.
Енді құжат тапсырудың соңғы кезеңінде CIMEA сертификаты да қажет болуы мүмкін екені айтылған. Студенттер бұл құжатты белгіленген мерзімге дейін алып үлгермейтінін алға тартып отыр.
CIMEA сертификатын алу 60 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін
Студенттер үшін басты мәселе – уақыт тапшылығы. CIMEA сертификатын рәсімдеу 60 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін. Ал Италияның студенттік визасына құжат қабылдау 30 қарашаға дейін жалғасады.
Бұған қоса, талапкерлер CIMEA платформасында техникалық мәселелер барын айтып отыр. Атап айтқанда, төлем жасау және құжат рәсімдеу кезінде қиындықтар туындаған. Сондықтан өтінішті бірден берген күннің өзінде сертификатты уақытында алу мүмкіндігіне күмән бар.
«Бір жыл бойы дайындалдық»
Студенттердің бірі Италиядағы университетке түсуге шамамен бір жыл дайындалғанын айтты. Оның сөзінше, талапкерлер құжаттарды рәсімдеуге, аударма мен апостильге, DDV-ге, баспанаға және басқа да қажеттіліктерге қомақты қаржы жұмсаған.
Оның пікірінше, студент оқу орнына түсіп, Universitaly рәсімдерін аяқтап, барлық қажетті құжаттарды дайындағаннан кейін ғана жаңа талап туралы білуі әділетсіз.
Студенттер өтпелі кезең енгізуді сұрады
Қазақстандық студенттер жаңа талап енгізілсе, бұрынғы тәртіппен құжат рәсімдеуді бастап кеткен талапкерлерге жеңілдік қарастыруды сұрап отыр.
Олар DDV рәсімін бұрынғы талаптарға сәйкес бастап қойған студенттер үшін осы құжатты қабылдауды жалғастыруды ұсынады. Ал CIMEA сертификатын міндетті талап ретінде енгізу келесі оқу жылынан бастап күшіне енсе деген өтініш білдірген.
Студенттердің пікірінше, бұл олардың виза рәсімдеу мерзіміне үлгеруіне мүмкіндік береді.
CIMEA деген не?
CIMEA – Италияның академиялық ұтқырлық және білім беру біліктіліктерінің сәйкестігі жөніндегі ұлттық ақпараттық орталығы. Ұйым шетелде берілген білім туралы құжаттардың түпнұсқалығын және Италияның білім беру жүйесіне сәйкестігін тексеруге бағытталған қызметтер көрсетеді.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-қа Work and Travel бағдарламасымен барған қазақстандық студенттер де қиындыққа тап болғанын айтқан. Олардың мәліметінше, әрқайсысы Easy Travel компаниясына қонақүй мен трансферді қамтитын тур үшін шамамен 1100 доллар төлеген. Алайда Лос-Анджелеске барғаннан кейін жастар түнеп шығатын орын мен қонақүйге жетудің жолын өздері іздеуге мәжбүр болған.