Қарағандыда туа біткен ауыр жүрек ақауы бар 19 күндік нәрестеге күрделі операция жасалды. Ота Облыстық көпбейінді кардиологиялық орталық пен UMC Жүрек орталығы мамандарының қатысуымен өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Нәрестеге өкпе тамырларының толық аномальды дренажы диагнозы қойылған. Бұл патология кезінде өкпеден жүрекке келетін қанның қалыпты айналымы бұзылады. Сонымен қатар сәбиде ашық артериялық өзек пен қарыншааралық перде ақауы анықталған. Бұған дейін нәрестеге асқазан-ішек жолындағы қатар жүретін патологияға байланысты да операция жасалған.
Күрделі отаны Облыстық көпбейінді кардиологиялық орталықтың балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Ғанибек Ақжанов пен UMC Жүрек орталығының балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Горбунов жасады. Медициналық топ құрамында анестезиолог-реаниматолог, перфузиолог және кардиолог та болды.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай операциялардың Қарағанды өңірінде қайта қолға алынуы балалар кардиохирургиясын дамыту үшін маңызды. Соңғы жылдары осындай күрделі оталар облыста жасалмаған. Екі орталық мамандарының бірлескен жұмысы қарағандылық дәрігерлердің тәжірибесін арттырып, болашақта жүрек ақауы бар жаңа туған нәрестелерге қажетті көмекті республикалық орталыққа жібермей-ақ өңірде көрсетуге мүмкіндік бермек.
"Бұл шеберлік сабағының мақсаты – осындай балаларға операцияны осында, Қарағандыда жасауға мүмкіндік қалыптастыру және оларды республикалық орталыққа тасымалдауға кететін уақытты жоғалтпау", – деді Ғанибек Ақжанов.