Қарттар күні: Түркістанда 1300-ге жуық қарияға көмек көрсетіледі

Қарттар күні: Түркістанда 1300-ге жуық қарияға көмек көрсетіледі
ЖИ арқылы жасалған

Халықаралық қарттар күніне орай Түркістан облысында 1253 қарияға материалдық көмек көрсетіледі. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Аудан және қала мәслихаттарының шешімдеріне сәйкес, үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет алатын жалғызілікті қарттарға жергілікті бюджеттен 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы көмек қарастырылған.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 212 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың арасында 3 Ұлы Отан соғысының ардагері, 2145 тыл еңбеккері бар. Сондай-ақ өңірде жасы 100-ден асқан 39 қария тұрады.

Өңірде егде жастағы азаматтарды қолдау және олардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын облыстағы екі ардагерлер үйінде шамамен 7,8 мың адам 14 күндік сауықтыру қызметін алады. Оның 4 мыңға жуығы «Ардагерлер үйінде», тағы 3,8 мыңға жуығы «Мейір» ардагерлер үйінде демалып, денсаулығын нығайтады.

Бұдан бөлек, облыстың барлық аудан-қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары жұмыс істейді. Мұнда егде жастағы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын ұстануына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасалған.

Халықаралық қарттар күніне байланысты өңірде аға буын өкілдеріне арналған түрлі мерекелік және әлеуметтік іс-шаралар да ұйымдастырылады.