Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін ұсталған Данияр Хайрушев кім?
Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушев ұсталды, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Каспий теңізінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қозғалған іс аясында Қарулы күштердің бес лауазымды тұлғасы ұсталған. Ведомство олардың аты-жөнін жариялаған жоқ. Ұсталғандардың арасында Әскери-теңіз күштері штабының бастығы – бас қолбасшының бірінші орынбасары, екі әскери бөлім командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскері ротасы мен катер командирлері бар.
Қорғаныс министрлігінің ашық деректерінде Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары қызметін Данияр Хайрушев атқаратыны көрсетілген. 2026 жылғы мамырда министрлік оны мемлекеттік награда алған әскери қызметшілер қатарында осы лауазыммен атаған.
Данияр Хайрушев кім?
Данияр Жұмағалиұлы Хайрушев – Қазақстан Әскери-теңіз күштерінде ұзақ жыл қызмет еткен әскери қызметші. Қорғаныс министрлігінің бұрынғы мәліметтерінде оның 1-дәрежелі капитан шенінде болғаны көрсетілген. 2020–2022 жылдары Хайрушев 29011 әскери бөлімі мен Әскери-теңіз базасын басқарған. 2020 жылғы қарашада мемлекеттік сатып алу порталындағы құжаттарда оның аты 29011 әскери бөлімінің өкілі ретінде көрсетілген.
2021 жылдың соңында Хайрушев 1-дәрежелі капитан шенінде Ақтаудағы Әскери-теңіз базасының командирі болған.
Кейін ол Әскери-теңіз күштерінің басшылық құрамына ауысты. 2023 жылғы ақпанда Қорғаныс министрлігі Хайрушевті Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары деп таныстырған. Сол кезде ол Пәкістанда өткен AMAN-2023 халықаралық әскери-теңіз жаттығуына қатысқан қазақстандық делегацияны басқарды.
Жауынгерлік даярлыққа жауапты болды
Кейінгі жылдары Хайрушев Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік даярлығына жауап берді.
2024 жылғы мамырда ол Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары – жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы ретінде таныстырылды.
Сол жылы Хайрушев «Бірлестік-2024» халықаралық оқу-жаттығуының қорытындысын шығаруға қатысты. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ол бөлімшелердің тактикалық іс-қимылы мен оқу-жаттығу кезіндегі атыс нәтижелеріне талдау жасаған.
2025 жылдың басында Хайрушев бас қолбасшының орынбасары қызметін атқаруын жалғастырды. Оның жетекшілігімен Ақтаудағы 29011 әскери бөлімінде Әскери-теңіз күштерінің бір жылдық жұмысы қорытындыланды.
Ол Ақтауда өткен жедел-тактикалық оқу-жаттығулар кезінде де командалық құрам мен офицерлердің бөлімшелерді басқаруға дайындығына қатысты пікір білдірген.
2025 жылғы қазанда Хайрушев Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары қызметінде болды. Каспий теңізіндегі он күндік жорық кезінде ол кемелерді басқару, навигация, байланыс пен қару-жарақты пайдалану бойынша тапсырмаларды орындаған экипаждардың даярлығын бағалаған.
2026 жылы қызметі өсті
2026 жылғы мамырға қарай Данияр Хайрушев Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған. Сол айда ол Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Қорғаныс министрлігі награданың әскердің жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге және қызметтегі жетістіктеріне байланысты берілгенін хабарлаған.
Каспийдегі қайғылы оқиға
24 қыркүйекте Каспий теңізінде «Хазар Қорғаны – 2026» Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы жағдай болды.
Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен. Олардың үшеуі құтқарылды. 25 қыркүйек күні таңертең тағы екі әскери қызметшінің денесі табылып, қаза болғандар саны 14 адамға жетті.
Осыған байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қазір сотқа дейінгі тергеуді Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу бөлімшесі жүргізіп жатыр. Ұсталғандар қызметтік міндетіне салғырт қарады және ауыр зардаптарға әкелген кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікке ілінген.
Тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілердің кінәлі немесе кінәсіз екені соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталады.