Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясына қатысты
t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жастар және экобелсенділермен бірге Президент саябағында ағаш отырғызды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Іс-шара барысында Президент табиғатты қорғау мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, экологиялық мәдениетті қалыптастыру елдің дамуы мен болашағы үшін маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың экологиялық бастамаларға белсенді қатысуын отансүйгіштіктің бір көрінісі ретінде бағалады. Мемлекет басшысы Отанға және туған жерге деген сүйіспеншілік адамның өз үйі, ауылы мен қаласына деген қамқорлығынан басталатынын айтты.

Президент халқымыздың табиғатты аялауға үндейтін дәстүрлі ұстанымдарына да тоқталды. Оның сөзінше, қоршаған ортаға қамқорлық жасау – ата-бабадан қалған құндылық әрі қазіргі азаматтардың міндеті.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жобасының қоғамдық маңызына назар аударып, Қазақстан экологиялық мәдениеті жоғары елге айналуы керектігін жеткізді.

«Таза Қазақстан» бастамасы елдің тазалығын сақтаумен қатар, өскелең ұрпақ үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Президент бұл жұмыстың түпкі мақсаты болашақ ұрпақтың игілігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.