Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратының өкілеттіктері нақтыланды

Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратының өкілеттіктері нақтыланды
t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының қызметіне қатысты бірқатар өзгеріс енгізетін Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Құжатпен Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты туралы жаңа ереже бекітіліп, Кеңес төрағасы орынбасарының өкілеттіктері айқындалды.

Орынбасарға Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының тапсырмалары мен актілерінің, сондай-ақ Кеңес шешімдерінің орындалуын бақылау міндеті жүктеледі. Сонымен қатар ол ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс қабілеті және заң мен тәртіп салаларындағы мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіреді.

Оның құзыретіне ақпараттық және киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні пайдалану, дербес деректерді қорғау, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы күрес және азаматтық қорғаныс мәселелері де кіреді.

Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты жаһандық сын-қатерлер мен елдегі ішкі ахуалға қатысты өзекті мәселелерді кешенді талдаумен айналысады.

Құжатқа сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты дербес мемлекеттік орган мәртебесіне ие болады. Ол Президентке тікелей бағынады және есеп береді.

Аппараттың негізгі міндеттерінің бірі – ұлттық қауіпсіздікке төнетін тәуекелдерді бақылау жүйесін жетілдіру, мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету және Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған шешімдердің орындалуына институционалдық қолдау көрсету.

Бұл шаралар Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, ұлттық мүдделері мен конституциялық құрылымының негіздерін қорғауға бағытталған.