BASPASOZТолық нұсқа
Қоғам

Kazakhstan Travel Forum-да туристердің қауіпсіздігі талқыланды

Дана Зарылханқызы
https://t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi
Бөлісу Telegram

Астанада Kazakhstan Travel Forum 2026 халықаралық туристік форумы өтіп жатыр. Биылғы шараның басты тақырыбы – «Қауіпсіз туризм». Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлік туризм басқармаларының басшылары, туристік қауымдастықтар мен сала мамандары қатысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Іс-шараның ашылуында Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев туризмнің бүгінде жеке жобалармен шектелмей, инфрақұрылым, инвестиция, көлік қатынасы, қызмет көрсету, кадр даярлау және цифрландыруды қамтитын ауқымды салаға айналғанын айтты.

Оның сөзінше, соңғы жылдары Қазақстандағы туризмнің негізгі көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетіп келеді. Вице-министр Kazakhstan Travel Forum-ның үш жыл ішінде кәсіби пікірталас алаңынан мемлекет, бизнес және туристік қауымдастық өкілдерін біріктіретін халықаралық форумға айналғанын атап өтті.

Биыл Қазақстан азаматтарының шетелге шығу кезінде құқықтарын қорғауға арналған кепілдік жүйесінің іске қосылғанына 10 жыл толды. «Туристік Қамқор» қорының мәліметінше, осы кезеңде 15 212 туристің Қазақстанға қайтарылуы қамтамасыз етілген.

Кепілдік жүйесінің негізгі құралдарының бірі – туркод. Егер туроператор өз міндеттемелерін орындай алмаса, осы код туристің кепілдік жүйесі арқылы қажетті көмек алуына және елге қайтарылуына мүмкіндік береді.

Форум барысында Қазақстандағы туризмнің 2019-2025 жылдардағы көрсеткіштері де таныстырылды. Осы кезеңде ішкі туристер саны 6,6 млн-нан 11 млн адамға, ал Қазақстанға келген туристер саны 8,5 млн-нан 15,8 млн адамға өскен.

Туристік инфрақұрылым да кеңейіп келеді. Қазір еліміздің 10 негізгі өңірінде жеке туризм басқармалары жұмыс істейді. 11 өңірде туристік ақпараттық орталық, ал республика бойынша 23 визит-орталық қызмет көрсетеді. Соңғы бір жылда курорттық аумақтарда шамамен 10 жағажай абаттандырылды.

Kazakhstan Travel Forum 2026 17-19 қыркүйек аралығында өтеді. Бағдарламада панельдік пікірталастар, сараптамалық кездесулер, B2B келіссөздер, туристік өнімдердің таныстырылымдары және ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою рәсімдері қарастырылған.

Биылғы форумда туристердің құқықтарын қорғау, туроператорлардың жауапкершілігі, қаржылық кепілдіктер және туризмдегі цифрлық шешімдер мәселелеріне басымдық берілді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары