Қазақстан әлемдегі ықпалы жоғары мемлекеттердің қатарына қосылды. World Population Review халықаралық статистикалық платформасы жариялаған Most Powerful Countries 2026 рейтингінде еліміз 100 мемлекеттің арасында 34-орынға тұрақтады, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Рейтинг нәтижесі бойынша Қазақстан Дания (36-орын), Біріккен Араб Әмірліктері (37-орын), Оңтүстік Африка Республикасы (38-орын), Норвегия (39-орын), Сауд Арабиясы (40-орын), Пәкістан (42-орын) және Иран (46-орын) сияқты мемлекеттерден жоғары орналасқан.
Рейтинг қандай көрсеткіштерге негізделген?
World Population Review платформасы елдердің халықаралық аренадағы ықпалын бірнеше көрсеткіш бойынша бағалайды. Олардың қатарында экономикалық қуат, саяси бедел, көшбасшылық, халықаралық серіктестік байланыстар және әскери әлеует бар. Яғни рейтинг жасалғанда мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктері ғана емес, оның әлемдік саясаттағы орны мен өзге елдерге ықпал ету деңгейі де ескеріледі.
Бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған мемлекеттер арасында Қазақстан Ресейден (11-орын) кейін орналасқан. Ал Украина (51-орын), Литва (56-орын), Беларусь (57-орын), Өзбекстан (71-орын), Латвия (74-орын), Эстония (75-орын), Армения (80-орын) және Грузия (91-орын) Қазақстаннан төмен тұрған.
Рейтингтің алғашқы үштігіне Қытай, АҚШ және Үндістан енген. Сондай-ақ үздік ондықта Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлыбритания, Мексика және Италия бар.
Қазақстанның 34-орынға орналасуы аталған халықаралық бағалау аясында еліміздің экономикалық, саяси және әскери әлеуеті мен сыртқы байланыстарының жиынтық көрсеткішін сипаттайды.
Айта кетейік, бұл рейтинг мемлекеттердің халықаралық ықпалына қатысты бағалауды көрсетеді және елдердің өмір сүру сапасы немесе экономикалық даму деңгейі бойынша жасалған рейтингпен бірдей емес.