Қазақстан Ауғанстанға $21 млн-ның өнімін жеткізеді

Қазақстан Ауғанстанға $21 млн-ның өнімін жеткізеді
Gov.kz

Ауғанстанның Герат қаласында Қазақстан мен Ауғанстан кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтті. Қазақстандық делегацияны Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов басқарды. Іс-шараға Ауғанстан нарығына шығуға және екіжақты сауданы дамытуға мүдделі 12-ге жуық қазақстандық компания қатысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Форум аясында кәсіпкерлер B2B форматында келіссөздер өткізіп, тауар айналымын ұлғайту, қазақстандық өнімдердің экспортын кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Келіссөздер нәтижесінде қазақстандық WAYSTAR және Kim Rail International компаниялары ауғандық OSMAN KHALID компаниясымен бидай жеткізу жөнінде жалпы құны 11 млн доллар болатын екі келісімшартқа қол қойды.

Бұдан бөлек, Қазақстанның Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының қатысуымен Ауғанстанға шамамен 10 млн доллардың күнбағыс майын жеткізу туралы келісім жасалды. Осылайша, бидай мен күнбағыс майын жеткізуге қатысты келісімдердің жалпы сомасы 21 млн долларға жетті.

Сапар барысында «Хаф–Герат» теміржолының үшінші учаскесі де пайдалануға берілді. Оның құрылысына қазақстандық «Integra Construction KZ» компаниясы қатысқан.

Қазақстандық делегация Герат провинциясындағы индустриялық аймақтың мүмкіндіктерімен де танысты. Кәсіпкерлерге мәрмәр өндіру және өңдеу, металл прокаты, фармацевтика мен алкогольсіз сусындар шығаратын кәсіпорындардың жұмысы таныстырылды. Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда көлемі артып келеді. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 581,1 млн долларды құрады. Бұл 2025 жылдың толық қорытындысындағы 541,6 млн доллардан жоғары.

Қазақстанның Ауғанстанға экспорттайтын негізгі тауарларының қатарында ұн, бидай, күнбағыс майы, металл өнімдері мен минералды тыңайтқыштар бар.

Екі ел арасындағы іскерлік байланысты дамыту мақсатында сауда-экономикалық миссиялар, бизнес-форумдар мен кәсіпкерлердің тікелей кездесулері тұрақты өткізіліп келеді. Кабул мен Гераттағы Қазақстанның Сауда үйлері де отандық өнімдерді Ауғанстан нарығына шығаруға және кәсіпкерлер арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.