Қазақстан азаматтарына Түркияға және тағы үш елге жеке куәлікпен бару мүмкіндігі ұсынылды
Қазақстан азаматтары болашақта Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанға шетелдік паспортсыз, жеке куәлік арқылы бара алуы мүмкін. Бұл бастама Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер арасындағы өзара сапарларды жеңілдетуге бағытталған, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевтің айтуынша, қазір азаматтарға жеке куәлікпен шекарадан өтуге мүмкіндік беретін жүйені басқа түркі мемлекеттеріне де енгізу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда мұндай тәртіп Әзербайжан мен Түркия арасында қолданылады. Енді оны Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстанға кеңейту мәселесі қарастырылып отыр.
«Бұл мүмкіндікті бір ғана елмен емес, бірнеше мемлекетпен бір уақытта жүзеге асыруға болады. Қазір дайындық жұмыстары жалғасып жатыр», – деді ТМҰ басшысы.
Оның айтуынша, жоба бес елді – Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстанды қамтиды. Алайда жаңа тәртіптің нақты қашан енгізілетіні әзірге белгісіз.
Қазақстан азаматтары қазір қай елдерге жеке куәлікпен бара алады?
Қазіргі уақытта қазақстандықтар жеке куәлік арқылы Ресей мен Қырғызстанға кіре алады. Бұл екі мемлекет арасындағы тиісті келісімдер негізінде жүзеге асырылады.
Қазақстан мен Армения арасында да өзара сапарларды жеңілдету туралы келісімдер жасалған. Алайда қазіргі таңда екі ел азаматтары шекарадан өту үшін паспорт пайдалануы керек.
Қазақстан мен Өзбекстан да азаматтардың шекарадан жеке куәлікпен өту мүмкіндігін талқылап жатыр. Тараптар бұл бағытта келіссөздер жүргізуде.
Ал Өзбекстан мен Қырғызстан арасында мұндай мүмкіндік 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданылады. Екі елдің азаматтары өзара сапар кезінде жеке куәлігін пайдалана алады.