Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті экономикалар рейтингінде алғашқы 40 елдің қатарына енді. 2026 жылғы World Competitiveness Ranking рейтингін Халықаралық менеджментті дамыту институты (IMD) жариялады. Зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстан 38-орынға жайғасты, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
IMD рейтингі елдердің экономика мен бизнес үшін тұрақты даму жағдайын қалыптастыру қабілетін бағалайды. Зерттеу төрт негізгі бағытты қамтиды. Олар - экономикалық жағдай, мемлекеттік басқарудың тиімділігі, бизнестің тиімділігі және инфрақұрылым. Бағалау кезінде ресми статистикамен қатар компания басшыларының сауалнамаға берген жауаптары да ескеріледі.
Қазақстан қай бағыттарда жоғары нәтиже көрсетті?
Қазақстанның 20 көрсеткіш бойынша нәтижесі жеке бағаланған. Ең жоғары көрсеткіштер мына бағыттарда тіркелді:
- салық саясаты - 9-орын;
- халықаралық сауда - 19-орын;
- еңбек нарығы - 20-орын;
- басқару тәжірибесі - 20-орын;
- бизнестегі құндылықтар мен ұстанымдар - 20-орын;
- жұмыспен қамту - 26-орын;
- институционалдық орта - 29-орын;
- өнімділік пен тиімділік - 32-орын;
- ішкі экономика - 33-орын.
Халқының саны 20 миллионнан асатын мемлекеттер арасында Қазақстан 15-орынды иеленді. Ал Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдері кіретін топта республика 25-сатыға орналасты.
Қазақстан экономикасының көрсеткіштері
IMD дерегіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 306,2 млрд долларды құрады. Нақты ЖІӨ өсімі 6,5% болды. Экономикалық өсім қарқыны бойынша Қазақстан рейтингке енгізілген елдер арасында 6-орынға шықты. Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ 45 286 доллар болды. Елдегі жұмыс күшінің саны 9,77 млн адамға бағаланса, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады.
Сарапшылар Қазақстан үшін 2026 жылғы негізгі міндеттердің қатарында жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізуді, заманауи жоғары технологиялық өндірістерге сапалы инвестиция тартуды және елдің транзиттік әлеуетін арттыруды атады.
Сонымен бірге кәсіби білім беру жүйесін реформалау және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, су ресурстарын басқарудың заманауи жүйесіне көшу маңызды бағыт ретінде көрсетілді.
IMD World Competitiveness рейтингі 38 жылдан бері жарияланып келеді. Оны әзірлеу кезінде халықаралық, ұлттық және өңірлік ұйымдардың статистикалық деректері мен бизнес өкілдерінің сауалнамалары пайдаланылады. 2026 жылғы зерттеуге шамамен 6 900 топ-менеджер қатысты.
Бұған дейін S&P Global Ratings Қазақстанның банк секторындағы елдік тәуекелдер бағасын (BICRA) жақсартқан болатын. Атап айтқанда, салалық тәуекел көрсеткіші «7»-ден «6»-ға көтерілді. Сонымен қатар экономикалық тәуекел бойынша болжам «тұрақты» деңгейден «оң» деңгейге өзгертілді.