Қазақстанның көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Бейжіңде өткен Тұрақты көлік жөніндегі жаһандық форумға қатысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Халықаралық жиында үкіметтер, көлік саласындағы мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, сарапшылар мен бизнес өкілдері бас қосты. Қатысушылар халықаралық көлік байланысын кеңейту, логистикалық тізбектердің тұрақтылығын арттыру, цифрландыру және жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.
Мақсат Қалиақпаров Қазақстанның Қытай, Орталық Азия, Каспий өңірі мен Еуропаны байланыстыратын маңызды транзиттік елдердің бірі екенін атап өтті. Қазір Қазақстан аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Соңғы 15 жылда еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға 35 млрд доллардан астам инвестиция салынған.
Форумда Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға ерекше назар аударылды. Соңғы бес жылда осы бағыттағы транзит көлемі 3,5 есе артқан. 2025 жылы контейнерлік тасымал 77 мың ДФЭ-ге жетсе, 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 300 мың ДФЭ-ге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Форум қорытындысында Тұрақты көлік саласындағы жаһандық даму және ынтымақтастық бастамасының негіздемелік құжаты қабылданды. Ол мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, қаржы институттары, бизнес және ғылыми-білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Вице-министр Қазақстанның көлік жүйесін халықаралық деңгейде цифрлық интеграциялауға, инфрақұрылымдық жобаларды байланыстыруға және Азия мен Еуропа арасында кедергісіз көлік бағыттарын қалыптастыруға мүдделі екенін жеткізді.
Қазақстан халықаралық көлік дәліздерін дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және инвестиция тарту бағытында Қытаймен және өзге де серіктес елдермен ынтымақтастықты жалғастырмақ.