Қазақстан БҰҰ Конгресінде киберқылмыс пен экстрадиция мәселелерін көтерді
Бас прокурордың орынбасары Асхат Жұмағали бастаған Қазақстан делегациясы Абу-Дабиде өткен Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі БҰҰ-ның 15-конгресіне қатысты. Делегация құрамында Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Рауан Жұмабек те болды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Халықаралық жиынға шамамен 120 мемлекеттің өкілдері, 200-ден астам халықаралық ұйым, сарапшылар және ірі технологиялық компаниялар қатысты. Форум барысында заң үстемдігін күшейту, заманауи қылмыстық қатерлерге қарсы тұру және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Конгресс аясында 200-ден астам тақырыптық іс-шара мен цифрлық шешімдердің таныстырылымы ұйымдастырылды.
Жоғары деңгейдегі пленарлық отырыста Қазақстан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған «Заң мен Тәртіп» қағидатына негізделген тәсілін таныстырды. Бұл бағыт тек құқық қорғау органдарының жұмысын ғана емес, қауіпсіз қоғамдық ортаны қалыптастыруды да қамтиды. Қазақстан құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыруға, волонтерлікті дамытуға және жауапты патриотизмді нығайтуға басымдық беретінін жеткізді.
Қазақстандық делегация трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, есірткі бизнесі, интернет-алаяқтық және цифрландыру жағдайындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған пікірталастарға қатысты.
Форум аясында Қазақстан, Өзбекстан, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы және Орталық Азияның өңірлік ақпараттық-үйлестіру орталығы бірлесіп арнайы іс-шара өткізді. Онда есірткі қылмысына қарсы күресте жасанды интеллект пен ерте ескерту жүйелерін қолдану мүмкіндіктері қарастырылды.
Қазақстандық мамандар тәуекелдерді алдын ала анықтау, цифрлық талдау жүргізу және жаңа қауіптерге жедел мониторинг жасау бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар Қазақстан 60-тан астам мемлекетпен бірге Pledge4Justice жаһандық бастамасына қосылды. Осы алаңда Асхат Жұмағали еліміздің киберқылмыс пен адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы міндеттемелерін жариялады.
Конгрестің негізгі саяси қорытындыларының бірі – Абу-Даби декларациясының қабылдануы болды. Құжатта алдағы бес жылға арналған қылмыстық сот төрелігі мен заң үстемдігін нығайтудың негізгі халықаралық бағыттары белгіленді. Сапар аясында Қазақстан делегациясы БАӘ Әділет министрі Абдулла Сұлтан бин Ауад әл-Нуаймимен кездесті. Тараптар қылмыстық-құқықтық ынтымақтастықты кеңейту және қылмыскерлерді ұстап беру туралы шартқа қосымша хаттама қабылдау мүмкіндігін талқылады.
БАӘ Бас прокуроры Хамад Сайф әл-Шамси, сондай-ақ Дубай прокуратурасы мен полициясы басшылығымен өткен кездесулер де нақты нәтижемен аяқталды.
Келіссөздер барысында ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген үш Қазақстан азамын жақын арада елге экстрадициялау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.