BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Қазақстан БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелер туралы конвенциясына қосылды

Дана Зарылханқызы
www.gov.kz
Бөлісу Telegram

Қазақстан 1947 жылғы БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенциясына қосылу рәсімін аяқтады. Бұл туралы БҰҰ Хатшылығы хабарлады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

1947 жылғы 21 қарашада қабылданған конвенция халықаралық ұйымдардың тәуелсіз қызметіне құқықтық негіз қалыптастырып, олардың қызметіне, мүлкіне және қызметкерлеріне тиесілі артықшылықтар мен иммунитеттерді белгілейді.

Қазақстанның конвенцияға қосылуы БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің ел аумағындағы жұмысына құқықтық мүмкіндіктерді кеңейтеді. Сондай-ақ халықаралық ұйымдардың бағдарламалары мен қаржыландыру көлемін арттыруға, қызметкерлер санын көбейтуге және Қазақстанда семинарлар, конференциялар, симпозиумдар сияқты халықаралық іс-шаралар өткізуге жағдай жасайды.

Қазір Қазақстан БҰҰ жүйесімен тұрақты даму, бейбітшілік пен қауіпсіздік, адам құқықтары сияқты бірқатар бағыт бойынша ынтымақтастық орнатқан. Елде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, Халықаралық еңбек ұйымы және ЮНЕСКО сияқты мамандандырылған мекемелердің өкілдіктері жұмыс істейді.

Қазақстан Орталық Азиядағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға және БҰҰ-ның өңірдегі қызметін күшейтуге ерекше мән береді.

2026 жылы Қазақстан Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығының жұмысын қамтамасыз ететін негізгі құжаттарды ратификациялау рәсімін де аяқтады.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары