Қазақстан China Mining 2026 көрмесінде тау-кен саласындағы мүмкіндіктерін таныстырды
Қазақстан Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен тау-кен өнеркәсібіне арналған ірі халықаралық шарада өз мүмкіндіктерін таныстырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ҚХР Табиғи ресурстар министрінің шақыруымен Тау-кен өнеркәсібі саласындағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі министрлер форумына және China Mining 2026 XXVIII халықаралық конференциясы мен көрмесіне қатысты.
China Mining - геология, минералдық ресурстарды игеру және тау-кен өндірісі саласындағы беделді халықаралық алаңдардың бірі. Биылғы шараға 65 елден өкілдер жиналды. Олардың арасында 35 министр, ірі өнеркәсіптік компаниялардың басшылары мен сарапшылар бар. Биылғы негізгі тақырып өзара тиімді әріптестікке, экологиялық тұрғыдан орнықты және интеллектуалды дамуға арналды.
Көрменің ашылуында Ерсайын Нағаспаев Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Министрдің айтуынша, соңғы жылдары екі ел арасындағы сауда-инвестициялық байланыстар нығайып, өнеркәсіптік кооперацияның ауқымы кеңейген.
Қазір Қазақстанда қытайлық инвесторлардың қатысуымен шамамен 11 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында CNPC, Sinopec, CITIC Group, Zijin Mining, East Hope Group, Huawei, PowerChina, SANY, Fufeng және Lihua Group секілді ірі компаниялар бар. Бұл кәсіпорындар мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, инфрақұрылым және жоғары технологиялар бағыттарында жобаларды жүзеге асырып келеді.
Ерсайын Нағаспаев Қазақстанның шетелдік инвесторларға геологиялық барлау, пайдалы қазбаларды өндіру және шикізатты терең өңдеу салаларында бірлескен жобалар ұсынуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар заманауи технологияларды енгізу мен өндірісті жергіліктендіруге басымдық берілетінін жеткізді.
Конференция барысында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хэ Лифэн де сөз сөйледі. Іс-шарадан кейін Қазақстан мен Қытай өкілдері екіжақты келіссөз өткізіп, өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту және жоғары деңгейдегі келісімдерді жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Қазақстан China Mining көрмесіне биыл алғаш рет бірыңғай ұлттық стендпен қатысты. Онда тау-кен өндіру және геологиялық барлау компаниялары, салалық ұйымдар мен инвестициялық жобалар таныстырылды.
Ұлттық стендті ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен ҚХР Табиғи ресурстар министрі Лю Гохун бірлесіп ашты.