Қазақстан ДСҰ-ның қызметтерінің ішкі реттеу қағидаларына қосылады
Мәжіліс Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) көрсетілетін қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидаларына қосылуын көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Қазақстан ДСҰ-ға 2015 жылы қосылған. Сол кезде елдің тауарлар мен қызметтер нарығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелерін қамтитын 18 қосымша қабылданған. Соның бірі – көрсетілетін қызметтер бойынша ерекше міндеттемелер тізбесі.
Заң жобасы осы тізбеге өзгерістер енгізуді және Қазақстанның қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі ДСҰ қағидаларына қосылуын қарастырады.
Жаңа қағидалар қызмет көрсету саласындағы лицензиялау талаптары мен рәсімдерінің, біліктілік талаптары мен стандарттарының ашықтығын арттыруға бағытталған. Бұл бизнес үшін неғұрлым болжамды жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қағидаларға қосылу Қазақстандағы қызмет көрсету нарығын халықаралық талаптарға жақындатуға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге және отандық әрі шетелдік қызмет көрсетушілер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Анықтама: Қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидалар ДСҰ-ға мүше 60 елдің қатысуымен әзірленген. Келіссөздерді аяқтау туралы декларация 2021 жылғы 2 желтоқсанда Женевада қабылданды. Қазіргі уақытта қағидаларға 72 ел қосылған.-