Қазақстан экономикасы 10 айда 4,5 пайызға өсті
2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстан экономикасының өсімі 4,5 пайызға жетті. Бұл тоғыз айдың қорытындысымен салыстырғанда 0,3 пайыздық тармаққа жоғары, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Экономиканың алға жылжуына негізінен шикізатқа тәуелді емес салалар ықпал еткен. Алдын ала есеп бойынша, шикізаттық емес сектордағы өсім 5,6 пайызды құрады.
Есепті кезеңде еліміздегі өнеркәсіп өндірісі 3,5 пайызға артқан. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібінде оң өзгеріс байқалады. Тоғыз айда бұл саладағы өсім 8,6 пайыз болса, он айдың қорытындысында 9,3 пайызға жеткен.
Өңдеу өнеркәсібіндегі ең жоғары көрсеткіш фармацевтика саласында тіркелді. Дәрі-дәрмек өндірісі 50,9 пайызға ұлғайған. Сондай-ақ дайын металл бұйымдарын шығару 30,4 пайызға, машина жасау 22,2 пайызға өскен.
Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 21,9 пайызға артса, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару 18,1 пайызға көбейген. Ал азық-түлік өндірісіндегі өсім 13 пайызды, құрылыс материалдарын өндіруде 5,4 пайызды құрады.
Экономиканың өзге салаларында да өсім байқалған. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарының көлемі 13,1 пайызға артқан. Көлік және қоймалау саласындағы өсім 7,5 пайызға, саудада 6,2 пайызға жеткен.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы 5,2 пайызға, ал байланыс саласы 4,9 пайызға өскен.
Осылайша, он айдың қорытындысы Қазақстан экономикасындағы өсімге өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салалары елеулі үлес қосқанын көрсетіп отыр.