BASPASOZТолық нұсқа
Экономика

Қазақстан экономикасы 8 айда 4,1%-ға өсті

Дана Зарылханқызы
primeminister.kz
Бөлісу Telegram

Қазақстан экономикасының нақты өсімі биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша 4,1%-ды құрады. Бұл көрсеткіш соңғы үш ай бойы өзгеріссіз сақталып отыр. Бұл туралы экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың отырысында айтылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында ел экономикасының қаңтар-тамыз айларындағы даму көрсеткіштері талқыланды.

Экономикалық өсімге негізінен шикізаттық емес сектордың тұрақты көрсеткіштері ықпал етті. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 8,4%-ға артты. Атап айтқанда, машина жасау 21,2%-ға, тамақ өнімдерін өндіру 12,9%-ға, химия өнеркәсібі 27,3%-ға өскен. Сонымен қатар дайын металл бұйымдары өндірісі 33,3%-ға, фармацевтика 38,9%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдары 18,5%-ға, жеңіл өнеркәсіп 70,4%-ға артты.

Жалпы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,6%-ға ұлғайды. Құрылыс саласында 15,6%, көлік және қойма шаруашылығында 7,3%, саудада 6%, ауыл шаруашылығында 5,2%, байланыс саласында 4,4% өсім тіркелді.

Машина жасау саласы сегіз айда 21,2%-ға өсті. Бұл көрсеткішке жеңіл автомобиль, автобус, жүк және арнайы техника өндірісін қамтитын автомобиль өнеркәсібінің 27,7%-ға артуы әсер етті.

Металлургия саласындағы өндіріс көлемі де 2%-ға ұлғайған. Кәсіпорындар 90-100% жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Серік Жұманғарин өңдеу өнеркәсібінің 40%-дан астамын металлургия құрайтынын атап өтіп, осы саладағы өсімнің жалпы өңдеу өнеркәсібі үшін маңызы зор екенін айтты.

Ауыл шаруашылығында да оң динамика сақталды. Сегіз айда саладағы өсім 5,2%-ға жетіп, қатарынан үшінші айда көрсеткіш жоғарылады. Азық-түлік өндірісі 12,9%-ға артты.

Мұнай-газ саласында мұнай өндіру көлемі біртіндеп қалпына келіп келеді. Сегіз айдың қорытындысы бойынша нақты көлем индексі 91,6% болды. 2026 жылғы қаңтар-шілдеде 53,2 млн тонна мұнай өндірілсе, биылғы көрсеткіш 61,7 млн тоннаға жетті.

2026 жылға мұнай өндірудің нақтыланған болжамы 96 млн тонна деңгейінде белгіленді. Бұл 91,6% нақты көлем индексіне сәйкес келеді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары