Қазақстан Халық Кеңесінің қызметіне 2027 жылы 1,7 млрд теңге қарастырылған деп хабарлайды Baspasoz.kz
Қазақстан Халық Кеңесінің қызметін қамтамасыз етуге 2027 жылғы республикалық бюджет жобасында 1,7 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, аталған қаражат тек Кеңес мүшелерінің еңбекақысына жұмсалмайды. Бюджетке ұйымның жұмысын қамтамасыз етуге байланысты бірқатар шығындар енгізілген.
Олардың қатарында Кеңес мүшелерінің өңірлерге сапарлары, халықпен кездесулер өткізу, форумдар мен сессияларды ұйымдастыру, қоғамдық консультациялар мен тыңдаулар өткізу, ақпараттық жүйелерді қамтамасыз ету және басқа да ұйымдастырушылық шығындар бар.
Қазақстан Халық Кеңесін институционалдық тұрғыда қалыптастыру жұмысы биыл басталды. Президенттің 2026 жылғы 2 шілдедегі жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің хатшылығы мемлекеттік мекеме ретінде құрылды. Құжатта Хатшылық қызметін республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру көзделген.