Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 22 қыркүйектегі Жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітілді. Құжатқа сәйкес, Кеңес құрамына 126 адам енді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жаңа құрамға мәслихат депутаттары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, оқытушылар, журналистер, кәсіпкерлер, спортшылар, мәдениет саласының өкілдері, жастар ұйымдарының жетекшілері және қоғамдық бірлестіктер мүшелері кірді.
Кеңес құрамында өңірлік қоғамдық кеңестердің өкілдері де бар. Олардың қатарында Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ облыстардың қоғамдық кеңес мүшелері мен төрағалары қамтылған.
Сонымен қатар Қазақстандағы түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері Кеңес құрамына енгізілді. Олардың арасында қазақ, орыс, украин, неміс, кәріс, татар, поляк, армян, әзербайжан, өзбек, ұйғыр, тәжік, түрік, шешен-ингуш, дүнген және басқа да этномәдени бірлестіктердің өкілдері бар.
Кеңес құрамына Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған азаматтар, белгілі спортшылар мен федерация басшылары, медицина және білім беру саласының мамандары, адвокаттар, кәсіподақ өкілдері және креативті индустрия мамандары да кірді.
Тізімде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, «Қазақстанның Медиа Альянсы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұртөре Жүсіп, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева және басқа да қоғам өкілдері бар.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына Apple компаниясының Орталық Азия мен Армения бойынша мемлекеттік органдармен байланыс және саясат бөлімінің басшысы Әділхан Қопабаев та енгізілді.
Жарлыққа сәйкес, құжат қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілді.