Қазақстан инновациялар рейтингінде 8 сатыға көтерілді
Қазақстан 2026 жылғы Жаһандық инновациялар индексінде (GII) позициясын сегіз сатыға жақсартып, 139 елдің арасында 73-орынға тұрақтады. Осы нәтижемен Қазақстан инновациялық даму деңгейі бойынша әлемнің үздік 80 экономикасының қатарына кірді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
GII-2026 қорытындысы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Женевадағы штаб-пәтерінде таныстырылды. Биыл зерттеу «Ғылымның алдыңғы шебіндегі кәсіпкерлерді қолдау» тақырыбына арналды. Онда ғылыми жаңалықтар мен жаңа технологияларды стартаптар мен технологиялық компаниялар арқылы нақты өнімдер мен шешімдерге айналдыру мәселесіне басымдық берілген.
Жаһандық инновациялар индексін Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы жыл сайын жариялайды. Рейтинг елдердің инновациялық әлеуеті мен осы саладағы нақты нәтижелерін бағалауға мүмкіндік береді.
Қазақстан 2025 жылы рейтингте 81-орында болса, биыл 73-орынға көтеріліп, соңғы он жылдағы ең жоғары нәтижесіне қол жеткізді. Орталық және Оңтүстік Азия бойынша Қазақстан 11 экономиканың ішінде төртінші орыннан екінші орынға шықты. Ал Орталық Азия елдері арасында бірінші орнын сақтап қалды.
Елдің инновациялық нәтижелер көрсеткіші де жақсарды: Қазақстан 84-орыннан 73-орынға көтерілді. Инновациялық ресурстар бойынша көрсеткіш 75-орыннан 73-орынға жоғарылады.
Ең үлкен ілгерілеу «Білім мен технологиялар саласындағы нәтижелер» бағыты бойынша тіркелді. Бұл көрсеткіште Қазақстан бірден 18 сатыға көтеріліп, 87-орыннан 69-орынға шықты. Өндіріс пен экспорттың күрделілігі, өнеркәсіптік үлгілер және еңбек өнімділігінің өсімі бойынша да оң өзгерістер байқалған.
Жекелеген көрсеткіштер бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте жоғары орындарға ие болды. Пайдалы модельдер бойынша – 7-орын, мемлекеттік онлайн-қызметтер бойынша – 10-орын, еңбек өнімділігінің өсімі бойынша – 20-орын. Ұлттық толықметражды фильмдер көрсеткішінде ел 24-орында, жоғары технологиялық өнімдер экспортында 27-орында, капиталдың жалпы жинақталуы бойынша 31-орында, ал QS жетекші университеттер көрсеткішінде 35-орында тұр.
Осылайша, Қазақстан бір жыл ішінде Жаһандық инновациялар индексіндегі орнын едәуір жақсартып, Орталық Азиядағы жетекші позициясын сақтап қалды.