BASPASOZТолық нұсқа
Спорт

Қазақстан құрамасы Азия ойындарының алғашқы күнінде алты медаль жеңіп алды

Дана Зарылханқызы
https://t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi
Бөлісу Telegram

Жапонияның Айти–Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы алғашқы жарыс күнін төрт алтын және екі қола медальмен аяқтады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Қазақстанға алғашқы алтынды велоспорттан Рината Сұлтанова әкелді. Ол әйелдер арасындағы жекелей уақыт жарысында 36:23.72 нәтиже көрсетіп, Азия ойындарының чемпионы атанды.

Екінші алтынды ерлер арасындағы жекелей уақыт жарысында Алексей Луценко иеленді. Қазақстандық велошабандоз 41:24.05 нәтижесімен жеңіске жетті. Бұл оның Азия ойындарындағы бесінші алтыны болды.

Каратэшілер Жоламан Биға­был мен Софья Берульцева да чемпион атанды. 55 келіге дейінгі салмақта Жоламан Биға­был финалда Өзбекстан спортшысы Хумоюнмирзо Халимовты 9:1 есебімен жеңді. Ал 68 келіден жоғары салмақта Софья Берульцева Таиланд өкілі Маниаан Бутсуванды 8:0 есебімен ұтып, Азия ойындарында екінші рет чемпион атанды.

Қазақстан қоржынына екі қола медальді Арлан Жанабай мен қазіргі бессайыс құрамасы салды. Триатлоншы Арлан Жанабай ерлер арасындағы жекелей сында 53:11 нәтижесімен үшінші орын алды. Қазіргі бессайыстан командалық есепте Темірлан Әбдірайымов, Тихон Варехин және Лев Чувашов қола жүлдеге ие болды.

Сонымен қатар жарыстың алғашқы күнінде Қазақстанның бірнеше спортшысы келесі кезеңге өтті. Ушу-саньдадан Абдурашид Абдуллаев пен Аян Тұрсын ширек финалға жолдама алды.

ММА-дан Қадырбек Шынбаев, Санжар Әділов және Еркінғали Бүркіталин жартылай финалға шықты. Олардың шешуші жекпе-жектері 21 қыркүйекте өтеді.

Бірінші жарыс күнінде Қазақстанның үстел теннисі, су добы, волейбол, гандбол, баскетбол, жағажай волейболы, жүзу, спорттық ату және триатлон құрамалары да сынға түсті.

Осылайша, Азия ойындарының алғашқы күнінен кейін Қазақстан жалпы есепте алты медальмен — төрт алтын және екі қола жүлдемен жарысты жалғастырады.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары