Қазақстан мен Аустрия парламенттері арасындағы байланысты нығайту мәселесі талқыланды
Құрылтай депутаттары Аустрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андреа Бахермен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесуге Құрылтайдың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Марат Қожаев пен Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина қатысты.
Тараптар Қазақстан мен Аустрия арасындағы байланыстың қазіргі жай-күйі мен оны кеңейту мүмкіндіктеріне тоқталды. Соның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты жандандыруға баса назар аударылды.
Кездесуде Аустрия парламенті өкілдерінің Қазақстанға жоспарланған сапары, сондай-ақ Аустриямен ынтымақтастық жөніндегі депутаттық топ құру мәселесі сөз болды. Бұдан бөлек, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы мен Парламентаралық одақ аясындағы байланысты жалғастыру жайы қарастырылды.
Сондай-ақ өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, туризм мен білім беру салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.