Қазақстан мен Бавария ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады
Германияның Мюнхен қаласында экономика, ғылым және ауыл шаруашылығы салаларындағы Қазақстан-Бавария жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жиынға Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков пен Баварияның Еуропа және халықаралық істер жөніндегі мемлекеттік министрі Эрик Байссвенгер тең төрағалық етті. Кездесуге екі елдің мемлекеттік органдары, даму институттары және бизнес өкілдері қатысты.
Тараптар екіжақты экономикалық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, шикізат ресурстарын игеру, энергетика, экологиялық технологиялар, машина жасау және су ресурстарын басқару бағыттарындағы бірлескен жобаларға басымдық берілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі қаралды.
Кездесуде қала құрылысы мен көлік салаларындағы серіктестіктің перспективалары да сөз болды. Бұдан бөлек, Баварияның ғылыми-білім беру ұйымдары мен бизнес өкілдерін тарта отырып, дуальды кәсіптік білім беруді дамыту мүмкіндіктері талқыланды.
Жиын қорытындысында тараптар өзара іс-қимылды күшейтуге мүдделі екенін растады. Сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асырудың нақты тетіктерін әзірлеу бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.