BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Қазақстан мен Беларусь транзитті жеделдету мәселесін талқылады

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

23 қыркүйекте Брест қаласында Қазақстан Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Жұмағұлов Беларусь Мемлекеттік кеден комитетінің төрағасы Владимир Орловскиймен кездесті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесуде тараптар Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда-экономикалық байланыстың қазіргі жай-күйін талқылап, өзара саудадағы оң өзгерістерді атап өтті. Сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды. Келіссөз барысында тауар тасымалы мен транзитке қатысты мәселелерге басымдық берілді. Атап айтқанда, екі елдің өткізу бекеттері арқылы транзиттік жүктердің өтуін жеделдету және кедендік рәсімдерді тиімді ұйымдастыру мәселесі сөз болды.

Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ аясында жүк тасымалын бақылауға арналған навигациялық пломбаларды пайдалану жайы талқыланды. Бұл жүйе 2022 жылғы 19 сәуірде қабылданған тиісті келісім негізінде қолданылады.

Тараптар екі елдің кеден органдары арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға да назар аударды. Соның ішінде Беларусь Мемлекеттік кеден комитетінің Қазақстандағы ресми өкілі қызметін енгізу мүмкіндігі қарастырылды.

Заманауи бақылау құралдарын пайдалану мен кеден органдары арасындағы тікелей байланысты күшейту тауар қозғалысының ашықтығын арттырып, транзиттік жүктердің шекарадан өтуін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Қазақстан тарапы мұндай кездесулерді бетпе-бет өткізудің маңызын атап өтті. Бұл туындаған мәселелерді тікелей талқылауға, тәжірибе алмасуға және екі ел арасындағы тауар тасымалын жеңілдетуге бағытталған ортақ шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары