Қазақстан мен «БҰҰ-әйелдер» құрылымының өкілдері гендерлік саясат саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу Мәдениет және ақпарат министрлігінде өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Қазақстан тарапынан келіссөзге Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов қатысты. Ал «БҰҰ-әйелдер» делегациясын ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Белен Санс Луке бастап келді. Делегация құрамында оның орынбасары Элиса Фернандес Саэнс, Орталық Азиядағы үйлестіру кеңсесінің басшысы әрі Қазақстандағы өкілі Джерен Гювен Гюрэс және Қазақстандағы бағдарламаның жетекшісі Дина Әмрішева болды.
Кездесуде Евгений Кочетов Қазақстанда әйелдердің құқықтарын қорғауға және олардың қоғамдағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған шаралар жетілдіріліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, әйелдердің қоғамдық және саяси өмірге ерлермен тең араласуына ерекше көңіл бөлінеді. Тараптар әйелдердің елдің заң шығару ісіне қатысу деңгейіне де тоқталды. Кездесуде айтылған мәлімет бойынша, Құрылтайдағы әйелдердің үлесі 18,9 пайыздан 33,8 пайызға дейін өскен.
Сондай-ақ отбасындағы зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту, мемлекеттік қаржыны жоспарлау кезінде әйелдер мен ерлердің қажеттіліктерін ескеру және заң жобаларын гендерлік тұрғыдан саралау мәселелері талқыланды.
«БҰҰ-әйелдер» өкілдері Қазақстанның Орталық Азия елдері арасында осы саладағы ынтымақтастықты дамытуға атсалысып келе жатқанын атап өтті.
Қазір Қазақстан мен «БҰҰ-әйелдер» арасындағы бірлескен жұмыс екі негізгі құжатқа сүйенеді. Оның бірі – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін жүзеге асыруға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары. Екіншісі – Қазақстан мен «БҰҰ-әйелдер» құрылымының 2025–2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы.
Кездесу қорытындысында тараптар алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істейтін негізгі бағыттарды белгіледі.